САЙЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Бүгін – халықаралық студенттер күні. Осы мерекеге орай Шымкент қаласында «SMART STUDENT» сайысының жеңімпаздары марапатталды. Оған Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Айсұлу Ерниязова қатысты. Шаһардағы жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында өткен бәсекені қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды.
Сайыста Шымкенттегі 9 жоғары оқу орынының студенттері өздерінің интелектуалды қабілеттерін байқатты. Олар өздерінің ой танымдары, білімдері, ой-өрісі деңгейін көрсете білді. Сайыс болашақ мамандарды өзіне деген сенімділік қасиеттерін қалыптастыруға бейімдеу, дарынды, озық болуға тәрбиелеуді мақсат етті. Іс-шара ұжым өмірін жариялыққа, еркіндікке негіздей отырып, жастарды қоғам мен мемлекетті басқару тетігіне дайындауға бағытталды. Сайыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті бірінші орынды, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы екінші орынды иеленді. Ал академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің командасы үшінші орыннан көрінді.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының бестен бірі жастар. 248 мың 178 азамат осы санатта. Мегаполистегі жастар орталығы оларға ақпараттық қолдау және бағыт беріп, түрлі шараларға қатыстырып келеді.
Қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылды. Бұл орталықтар күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.
Жастар ресурстық орталығымен 10-нан астам еріктілер ұйымы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді ерікті тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Олар елімізде және Шымкенттегі әрбір маңызды істерге өз үлестерін қосып жүр. Жастар Арыс қаласындағы жарылыс, Мақатарал ауданындағы су тасқыны және биыл Қостанай облысында болған өрт кезінде көпшілікке көмектесіп, қайырымдылық істерімен айналысты.
Шымкент қаласында былтыр «Жастар практикасы» бойынша 2 жарым мың жас маман жұмысқа орналасты. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» 100-ден астам жастың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берген. Олар былтыр 60 мың мен 76 мың теңгенің аралығында еңбекақы алған болса, биылдан бастап жалақы 90 мың теңгеден асып отыр.
Шымкентте жыл сайын жас жоғары және орта арнаулы оқу орындарын 30 мың түлек бітіріп шығады. Кешенді бағдарламалардың арқасында былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға азайған. Биыл бұл көрсеткіш мұнан да жоғары болмақ.