“СЕРГЕК” КАМЕРАСЫ МЕН БЕКНЕБАҚЫЛАУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ОРНАТЫЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданы аумағынан өтетін автокөлік жолдарының бойына бейнебақылау қондырғылары орнатылмақ. Бұл туралы аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы және бұл бағытта биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдерімен болған брифингте аудан әкімі Ақментай Есбаев айтты.

– Ауданымыздағы барлық тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінетін өңір болуы тиіс. Қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында, облыстық полиция департаменті тарапынан аудандық полиция бөліміне 45 планшет және 28 бейне жетон құрылғылары берілді. Аудан бюджетінен 22 бейнебақылау камерасы және 3 бағдаршам орнатылды.

Ендігі жерде жол–көлік оқиғаларын болдырмау үшін облыстық полиция департаментімен бірлесіп республикалық маңызы бар жол бойына 5 бірлік «Сергек» камерасын және стратегиялық нысандармен елді мекен орталықтарына 30 бірлік бейнебақылау камерасы қойылатын болады,-деді ол.

Жалпы, Келес ауданында профилактикалық шараларды өткізу нәтижесінде 2021 жылдың 9 айында 193 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 84 оқиғаға кеміген. Оның ішінде 66-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Қылмыстардың ашылуы үлесі де айтарылқтай жақсарып, 73,5 пайызға жетіп отыр. Биыл аудан аумағында 59 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 26 адам қаза тапты. 80 адам жарақат алған.