ТАЗАЛЫҚ БАСТЫ НАЗАРДА

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына қойылған қоқыс контейнерлері жаңартылып, айналасы қоршалып жатыр. Жаңа контейнерлер Қарағанды қаласында өндірілген отандық өнім. Қоқыс жәшіктері ішіндегі қалдықтарын арнайы құрылғы көмегімен көлікке аударуға өте ыңғайлы етіп жасалған.

Ауласында қоқыс жәшіктерінің жаңарғанына тұрғындар да дән риза. Қаратау ауданы бойынша қазіргі таңда осындай 30 ауланың қоқыс жәшіктері мен олардың тұратын орны жаңартылып жатыр.

Бұрын мұнда екі-ақ контейнер болса, қазір бесеуін қойыпты. Айналасы қоршалған, қоқыс тастауға да ыңғайлы болды. Осындай бастамаларды атқарған әкімдік өкілдеріне көп рақмет. Бұрын қоқыстың айналасы шашылып жатушы еді. Енді төбесі жабылыған. Айналасы да қоршалады деп жатыр,-дейді қала тұрғыны Валенитна Романова.

Жалпы, Қаратау ауданы аумағында 554 көп қабатты тұрғын  үй бар. Олар 176 аулаға біріктірілген.  Бұл жерлерге 96 қоқыс алаңшасы және 420 қоқыс контейнері орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарымен «ЭкоСпецТранс» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  атқарады. Тұрмыстық қалдықтар кесте бойынша тәулігіне бір  рет, халық тығыз шоғырланған аумақтарда 2 реттен тазартылып келеді.

Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Пармановтың айтуынша биыл қоқыс алаңшаларының жай-күйін зерделеу барысында Қаратау ауданы аумағына  385 жаңа контейнер қажеттілігі анықталған. Осы жұмысты атқару үшін қала  бюджетінен  71 миллион  теңге қаржы бөлінді.  Бұл ақшаға көпқабатты тұрғын үй аулаларында  қоқыс жәшіктеріне арналған 30 алаңша салуды да қолға алып отыр.

Шымкент қаласында  енді тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жобасы жүзеге асатын болады. Жуырда бірнеше мердігер өз жобасын ұсынды. Қазір екі жақты келіссөздер жүргізілуде. Жаңа жылдан бастап ауданда осындай инвестициялық жобалар өз жұмысын бастамақ. Өткен жылдары мегаполисте орта есеппен 52 мың тоннадан астам қоқыс қайта өңделген. 2018 жылы полигонға жеткізілген қоқыстардың 18,1 пайызы, 2019 жылы 22,7  пайызы,  2020 жылы 25,1 пайызы өңделген. Ал өткен жылы қоқыс полигонына 209,1 мың тонна қоқыс төгіліп, 52,5 мың тонна қалдық қайта өңделген.

Қаратау ауданында қоқыстарды кез-келген жерге тастап кететін азаматтардың іс-әрекетін тоқтату, олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында рейдтік шара ұйымдастырылып келеді.