ТАРИХ БЕДЕРІНДЕГІ ШЫМКЕНТТІҢ БІР КҮНІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Тарихты ақтарсақ, Шымкенттің  жасын 2200 жылдан асырамыз. Бұған байланысты тарихшылардың өзінің арасында әртүрлі пікір бар. Біреу қосылады, ал, біреу сенімсіздік білдіреді. Осындай пікір қайшылығы болуының өзі біздің тарихымыздың өте тереңде, ашылмаған сырларының көп екенін көрсетеді.

Цитадель – ескі қалашықты шулы мегаполистің ортасындағы ежелгі арал деп сипаттайтындар да бар.  «Тарих бедеріндегі Шымкенттің бір күні» – жыл басынан бері «Шымқала» тарихи-мәдени кешені өткізіп келе жатқан кезекті іс-шараның атауы. Ұйымдастырушылар Шымқаланың қазақ хандығы тұсындағы бір күнін сахна төріне шығаруды мақсат еткен.

Қойылым тарихи деректерге сүйеніп  жазылды дейді қойылымның сценарий авторы және қойылым режиссері Асылбек Әуезханұлы. Басты кейіпкер Әбілқайыр хан. Жоңғарды жоқ етіп, өмір емес, тарих сахнасында қалдырған, қалмақтың бүтіндігін бұзып, бытыратып тізе бүктірген баһадүр батырлардың   жиынтық бейнесі Қойгелді батыр арқылы берілген.

Автор тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтың «Әбілқайыр хан – Ордабасы құрылтайында қазақтың игі-жақсылары бірауыздан ақ боз атқа отырғызған бас қолбасшы, Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы жеңістің негізгі ұйымдастырушысы және дем берушісі» деген пікірін негізге алса керек.  Ордабасы мен Шымкенттің арасы аса қашық емес.

Тарихи тұлға Шымкентте бір күн аялдады ма, жоқ  жарты күн бе, оны кәрі тарих біледі. Ал, бүгінгі ұрпақ қойылымның арқасында   Ханның Шымкентте бір күн аялдағынына куә болды.  Әбілқайыр ханның аузынан шықты деген «Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын» деген сөзді естіп арқаланды, рухтанды.

Аттың тұяғының дүбірі, айнала тігілген киіз үй, күмбірлеген домбыраның үні бізді ерекше күйге бөледі, бүгін тархи кешенге бірінші рет келдік, басқа әлемде жүрген сияқтымыз дейді қаладағы 18 мектептің оқушылары.

Қойылымды дала сахнасына алып шыққан Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актерлары мен «17»  жастар театрының» жас өнерпаздары болды.

Оң қақпадан кірген Ұлы  Жібек жолының керуені, ақындар айтысы, ән мен би, насихат боп төгілген терме  тарихи іс-шараға салтанат пен сән берді. Күрес, арқан тарту, асық ату сияқты ұлттық ойындар өтіп жатқан алаңшаларда аялдаушылар да аз болмады. Жеңімпаздарға жүлде берілді, қатысушыларға  алғыс айтылды.

Үлкендер жағы сахна алдынан ұзамады, ал, балалар топ-топ болып музейге кіріп, ескі қалашықты аралап, дүниетанымын кеңейітті.

Заманауи Шымкенттің ежелгі аралына сапар шеккен жас та, бала да, қария да  рухани ләззат алып, тарих қойнауына ғажайып саяхат жасап, көңіл қойнауын байыта алды.

Тарихи сана жаңғырды, елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілік шырағы жанды.

Бағдарламаны «Шымқала» тарихи-мәдени кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Кенжеқұлова Мадина қорытындылады.