ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРДЫ ОҚЫТУҒА БӨЛІНЕТІН БІЛІМ  ГРАНТЫ 86 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкенттегі техникалық  және кәсіптік білім беретін оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант саны 1 мың 200-ге  артты. Енді колледждерде экономика, педагогика, заңгер және байланыс саласына керекті мамандардың саны қысқарып, тек сұранысқа қарай кәсіп иелері  оқытылатын болады. Оны анықтау үшін аймақтағы құрылыс компаниялары, өндіріс ошақтары және кәсіпорындардың әрқайысына жеке  сұрау салынып, керекті мамандар тізбесі жасалды.

Соның нәтижесінде сылақшы, кран басқарушы, электрмен дәнекерлеуші, темір жонушы секілді жұмыстарды атқара алатын 1 жарым мыңнан астам маманға зәрулік бары анықталды. Оларды оқытып шығару үшін қазір орта арнаулы оқу орындарының жанынан қысқа мерзімді курстар жасақталуда. Білім ордаларының материалдық базасы жаңару үстінде.

– Осы бағытта шымкент қаласының 7 колледжына тиісті қаражат бөлініп, бүгінгі таңда материалдық базамен әсіресе, шетелден алдырылған тапшы заттармен қамтамасыз етілді. Соңғы үлгідегі құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді,- дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Алдағы уақытта 2022 жылға бөлінген 1632 орынға жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде, жұмыс беруші таңдаған мекемелерде қайта даярлау жүргізіледі. Сонымен қатар, 760 жұмыссызды тапсырыс беруші өндіріс орындары өздерінің базаларында оқытып, жұмысқа алатын болады.

Құрылыс басқармасының қажетті мамандықтарға сұранысын (591 орынға) ескере келе, бөлініп отырған 1632 орынның 850-ін құрылыс саласы мамандарына бөлу ұсынылады.

Жалпы Шымкент қаласында орналасқан 32 колледжде 32 мың 816 студент білім алуда. Оның ішінде 11 мемлекеттік колледжде 14 мың 340 студент, ал 21 жекеменшік білім беру ұйымында 18 мың 476 студент оқиды. Соның ішінде, мемлекеттік тапсырыспен білім алушылар саны – 12 мың 791 оқушы, оның 11370-і мемлекеттік, 1421-і жекеменшік колледждерде білім алуда.

2022 жылы бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы 85%-ды құрап отыр. Колледждерде кадрлар даярлау өңір экономикасына қарай 75 мамандық және 166 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.