ТОЙХАНА МЕКТЕПКЕ АЙНАЛДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы, Келес ауданындағы кәсіпкерлер иелігіндегі тойханаларын өзге қызмет түрлеріне бейімдеуде. Солардың бірі Ақтөбе ауыл округінің тұрғыны Досжан Ескендіров. Кәсіпкер Қызыл әскер ауылындағы «Нұр» тойханасын биылғы оқу жылынан бастап мектепке айналдырды.

Оның мұндай шешім қабылдауына төрткүл дүниені жайлаған пандемия мен карантиндік шектеулер себеп болған. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиын-тойға шектеу қойылғандықтан уақытында сауық-сайран мен той-думанның ордасы болған салтанат сарайы атауын «Нұр бала» деп өзгертіп, шәкірттерге білім бере бастады.

«Бұл ғимарат салтанат сарайы емес, енді жас ұрпақтың өрелі білім, тәлімді тәрбие алатын ошағы болады. 300 оқушыға шақталған мектепте қазір 170-ке тарта бала білім алуда. Олардың біразы жақын төңіректегі елді мекендерден тасымалданады. Балалардың тасымалы үшін екі автобус бөлінген. Оқушылар түске дейін сабақ оқиды. Мектеп асханасында түстеніп алған соң қосымша сабақтарға қатысады немесе ұстаздардың жетекшілігімен ертегі сабаққа берілген үй тапсырмасын орындайды Оқушылардың барлығы ақысыз білім алуда. Қазір мектеп ішінен спорт залы мен ауладан шағын футбол алаңы жасақтауда. Бұл нысандардың құрылысы екінші оқу тоқсаны басталғанға дейін аяқталады», – дейді нысан иесі Досжан Ескендіров.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Келес ауданы бойынша 10-нан астам тойхана болса солардың бесеуі бизнестегі бағытын өзгерткен.