ФАБРИКАДА ЖАҢА ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібі қарқынды дамып келеді.  Шаһардағы «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін  қуатын арттырды.  Соның нәтижесінде жаңадан 100 жұмыс орны ашылды.   

Фабрикадағы жаңа желінің ашылу  салтанатына  қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов:

–Баршаларыңызды келе жатқан қала күні мерекесімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін шырайлы Шымкент қаласының күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз.

Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді.

«Azala Textile» фабрикасы – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинаты. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға  қосымша 200 миллион теңге инвестиция жұмсалды.  80-ге жуық тігін машинасы орнатылды.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын тоқыма бұйымдары, медициналық төсек-жабдықтар және  отандық құрылыс компанияларының арнайы киімдерін тігеді.

Фабрикада қазір  әскери киім тігуге арналған «Берік» деп аталатын матаның жаңа түрі әзірленуде. Жаңа өнім  халықаралық зияткерлік патенттеуден өткізіліп жатыр. Отандық жаңа өнім  (камуфляж) сапасы жағынан Ресей елінің маталарынан кем түспейді.

Қазіргі таңда «Azala Textile» фабрикасы ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталарды өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын болып отыр.

Жалпы фабрикада бүгінгі таңда 600-ден астам адам еңбек етеді. Олар нарыққа көрпе мен жастық тысы, сүлгі мен ақжаймалар, тұрмысқа қажетті тоқыма  бұйымдарын шағарып отыр. Кәсіпорын айына 500 тонна мақтаны өңдеп,  одан 1 жарым миллион метр мата тоқиды.