ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖАРЫҚТАН ТАРЫҚПАЙДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының шеткері аумақтарын инфрақұрылым жүйелерімен қамту қарқын алуда. Оларға сапалы жарық, таза ауыз су мен көгілдір отын жеткізілуде. Солардың бірі «Сәуле» шағын ауданы. Бұл аумаққа былтыр таза ауыз су құбыры тартылған болса, биыл мемлекет қаржысына қуаттылығы жоғары электр жүйесі жүргізілуде.

Бір мың үш жүз үйді қамтығалы отырған сапалы жарық жүйесінің құрылысы биылғы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Шағын ауданның 276-орамы деп аталатын бұл аумақтың халқы бүгінге дейін өз қаржысына тартып алған ескі жүйелер арқылы электр қуатын пайдаланып келді.

Гүлмәриям Сәріпбекованың «Сәуле» шағын ауданы 276-орамына көшіп келгеніне 6 жылға жуықтапты. Көп балалы ана осы аралықта жекенің меншігіндегі трансформатордан ток алып, соны пайдаланып келген. Оның бағасы қымбат. Әр килловаты үшін өзгелерден артық төлйеді. Оның үстіне қуаты әлсіз. Тасымал кезінде кеткен шығынды да трансформатор қожайыны халықтың мойнына іліп қойған.

Мемлекет қаржысына жүргізіліп жатқан жаңа желінің арқыасында енді 276-орам тұрғындары бұл қиындықтан құтылатын болды. Шалғайдағы шағын ауданға сапалы жарық жеткізу жұмысымен айналысып жатқан мердігер мекеме, «Ақсемсер строй сервис» ЖШС-нің инженері Берік Сәпиев межеленген құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқтағанын айтады. Құрылысқа қазынадан 982 миллион теңге бөлінген. Жоба бойынша қуат көзі үйге дейін жеткізіліп, қосып беру жұмыстары да қатар атқарылады. Жобалау барысында, әлі баспана салынбаған учаскелер немесе құрылысы аяқталмай жатқан тұрғын үйлер де де есепке алынған. Сондықтан электр қуаты аумаққа түгел жетеді.

Бүгінгі таңда мегаполистің 73 елді мекені сапалы жарық жүйесіне қосылған. Енді жекенің меншігіндегі желіні пайдаланып отырған 8 шағын ауданның проблемасын шешу қажет. Оның ішінде «Достық», «Нұртас», «Сәуле», «Тұран», «Солтүстік саяжай» шағын аудандары бар. Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбековтың айтуынша биылғы жылы бұл елді мекендердегі жұмыстар аяқталса, қаланың сапалы қуат көзіне қосылу көрсеткіші 99 пайызға артады.