ШЫМКЕНТТІК БУХГАЛТЕР ӘУЕС ІСІН КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында тұратын Сырлан Тәшімбетов есімді азамат  үйін орнитологиялық баққа айналдырған. Ол шаңырағында  экзотикалық және  әнші-әсем құстардың көптеген түрін өсіріп келеді. Мамандығы бухгалтер азамат  бала кезіндегі «тотықұс бақсам» деген әуестігін бүгін табысты кәсіпке айналдырып отыр.    

Мектепке баратын жылы әкесіне еріп, базарға барған Сырлан тордағы тотықұсты көріп қатты қызығады. Ес білгелі тек мультфилмдерден көріп келген құстың түрі мен түсі оны бірден арбап алады. Бұл іске әуестік, қызығушылық  осылай басталды.  Бүгінде  Сырлан бағында  тотықұстың бірнеше түрі, онан бөлек зебра түстес амадина, ақсары, шұбар,  сары  шымшық,  қылаң құс тұқымы бар.

– Бір жерден қиналып келген кезде шаршауың басылады. Сайрап, секіріп ұшып жүреді бала сияқты. Сол кезде адам ләззат алады. Есікке дейін қыс болып жатса ішкі жағы жаз сиқяты мен үшін. Орманда жүргендей сезінемін,-дейді Сырлан Тәшімбетов.

Зебра түстес амадина мен ақсары шымшықтар ерекше күтімді қажет етеді. Олардың торы үйдің ішінде. Күніне екі рет суы тазартылады. Жеммен қоса минералды қорегі беріледі. Бір мезгіл  тордан босатып, еркіндікке жібереді. Ал тотықұс пен шымшықтар жыл он екі ай  ауладағы қорада тіршілік етеді.  Қора ішінде құстарға мейілінше табиғаттағыдай жағдай жасауға тырысқан.

Сырланның  мектепке бара қоймаған екі ұлы қазірдің өзінде құстарды суретіне қарап бір-бірінен айра біледі. Олардың күтіміне де қолғабасы жасайды. Сырланның айтуынша құстар балаға мейірім қасиетін сіңіреді.

         – Қазақша келіншек тал дейміз, соның бұтақтарын алып, өріп жасағам. Бұл құстарға табиғаттағыдай  шынайы жанасады. Жақсы қабылдайды. Өзгеліріне қарағанда жақсы ұялайды. Құстарды көп жағдайда көтерме бағамен сатамын. Ал, нарықтағы құны одан қымбатырақ. Мендегі құстардың бағасы 1500 теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін барады. Амадин гульда құсының қымбат жүреді. Оның сыртқы келбеті өте әсем, тура бір картинка іспеттес. Қарап тұра бергің келеді. Бізде құстың ол түрі сирек кездеседі. Мен өзім есепші болып жұмыс істеймін. Бұл қосымша кәсібім. Тек құс өсіріп, отбасын асырап отырғандар да бар. Тіпті кейбірі осы кәсіптің арқасында ары кетсе екі жылда «джип» көлігін мініп жатыр-дейді құсбегі.

         Көктемде құс сатып алушылар көбейеді.  Бұйра тотыны 1 жарым мың, корелланы 5-6 мың, амадинаны 1 мың теңгеден сатып жүр. Құстар неғұрлым  ұзағырақ сайраса, соғұрлым бағасы қымбаттай  түседі.  Балапанын сатып алушылар да жетерлік. Мамандығы бухгалтер жігіт әуес тірлігін кәсіпке айналдыру мақсатында былтыр «Бастау бизнес» мектебінде оқып,  экзотикалық құстарды өсіру жобасы үшін 505 мың теңге грант жеңіп алды. Енді әрі қарай кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.