ШЫМКЕНТТІК ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ЕЛІМІЗДЕ ҮЗДІК

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының  жедел-жәрдем станциясы қызметкерлері республикалық спартакиадада епті қимыл, жоғары біліктіліктерін көрсетіп, бірінші орынға ие болды.  Екі күнге созылған сайысқа  еліміздің 18 өңірінен келген жедел жәрдем бригадалары қатысты.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің республикалық спартакиадасында  командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын сәттерде кәсіби шеберліктерін танытты.  Клиникалық станциялардан өтіп, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсету,  жүкті әйелді босандыру, суға батқан азаматты құтқару, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті.

Шымкент қаласы медициналық жедел жәрдем  көрсету орталығында 150-ге тарта білікті маман еңбек етеді. Медициналық құтқару құралдарымен жабдықталған 100-ден астам автокөлік бар.  Оның  барлығы науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету құралдармен жабдықталған реаномобильдер. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартып отыр. Көліктердің ішіне жүрек соғысы мен қан қысымын өлшейтін кардиограф, пульсоксиметр, науқасқа оттегі беретін құралдар орнатылған. Туылған шарананы салатын күйбезге дейін бар. Жедел жәрдем көліктерінің қызметі жаңадан құрылған Call орталығы арқылы  қадағаланады. Мекеме сандық жүйеде жұмыс істейді. Әрбір шалынған қоңырау тікелей жүйеге қосылады. Сол арқылы шақырту түскен жерге ең жақын бригада анықталып, оларға науқас жайлы толық ақпарат жіберіледі. Осылайша алғашқы медициналық көмек жедел әрі сапалы көрсетіледі

Осы орайда,  Шымкент қаласында ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған науқастарды сәтті реанимациялау көрсеткіші өте жоғары екенін айта кеткен абзал.  Мәселен, республика бойынша сәтті жансақтаудың орташа көрсеткіші 46 пайыз  болса, Шымкентте ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған 100 адамның 59-ы сәтті реанимацияланған. Мұны денсаулық сақтау саласындағы өте маңызды жетістіктің бірі деп айтуға негіз бар.

Екі күнге созылған сайыс қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды. Екінші орынды Астана қаласының командасы (159 балл)  еншілесе,  үшінші орынды – 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы  иемденді.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан  сайыс осымен бесінші жыл қатарынан  өтті. Жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби деңгейін шыңдайтын мұндай сайыс келесі жылы да ұйымдастырылмақ.