ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

 Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы биылғы жылды сәтті қорытындылағалы отыр.  Тарихы терең, шежіресі бай, қазақы сал-дәстүрді сарқыттайын сақтаған шаһардың тыныс тіршілігін қызықтауға жыл басынан бері 335 мың адам келген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 120 мың адамға көп.

Сондай-ақ, мегаполиске алыс шетелден келетіндер саны да артқан. Былтыр жыл бойына мегаполиске 14,500 ғана шетелдік азамат келсе, биыл 9 айда 25 мыңнан аса турист табан тіреген. Олардың дені қазақ халқының салт-дәстүрімін, мәдениетін. өнерін қызықтап, тарихын тану үшін келген. Шымкент қаласы туристер саны бойынша биыл республика аймақтарының арасында 3 орынға көтерілді.

Саяхатшылар санының артуына оларды қызықтыратын шаралардың көптеп өткізілуі де себеп болып отыр. Мегаполисте мәдени іс-шаралардан  бөлек, түрлі турлар, фестиваль, роудшоулар ұйымдастырылып келеді.

2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Шымкент қаласының туристік орындары және қала маңындағы туристік орындарға жалпы саны  78 экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсияға 3 мың 357 адам қатысқан. 2022 жыл балалар жылы болып бекітілуіне байланысты, экскурсиялардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдерге арнап ұйымдастырылды. Сонымен бірге, туристік орындардың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында Қаратау ауданы әкімдігімен бірлесе Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын абаттандырудың эскиздік жобасы әзірленді.

Сондай-ақ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесе Қазақстан бойынша «Neo Nomad» гранд-турлары әзірленді. Аталған гранд-турға Шымкент қаласынан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені енгізілді. Кешен аумағында республика бойынша бір дизайндағы арнайы фоторамка орналастырылды. Сонымен қатар, маусым айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының бастамасымен және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдауымен түркітілдес мемлекеттердің туристік орталықтарының тұңғыш халықаралық слеті өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған басқосуға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан республикалары және еліміздің 7 аймағынан визит орталықтары келді. Олар енді «Visit Kazakhstan» деген  ортақ атауға топтасып, шетелдік нарықта танылуға күш салмақ.  Слетта жаңа туристік маршруттар әзірленіп, «Ұлы Жібек жолын» қайта жаңғырту  арқылы туристік ағынды көбейту жайы талқыланды. Осы мақсатта  Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің және өзге де  аймақтардың 5 туристік ұйыммен екі жақты келісімге қол қойылды.

«Visit Shymkent»  туристік-ақпараттық орталығы биыл  ТМД елдері бойынша ең үздік мемлекеттік ресепшн болып табылды.