ШЫМКЕНТТЕ БӘЙШЕШЕК ҚАУЫЗ АШТЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымқалада көктемнің алғашқы гүлі – бәйшешек қауыз ашты. Қаланың шеткі ауданы саналатын Ақтас шағынауданына қатынайтын автожол бойындағы беткейде гүлді қызықтап, фотосуретке түсіріп жүрген тұрғындар көп.

Еліміздің өзге өңірлерінде қыс қаһары күшіне еніп тұрған қаңтар айында мұндай құбылыс желі қолданушыларын алаңдатып отыр. Табиғатта қытымыр қыстың мұндай жылымыққа жалғасып, өсімдіктердің гүлдеуіне ұласқан құбылуы 2016, 2019 жылдары орын алғанын фейсбук желісі еске салып тұр. Қыс шілдесінің жылдан-жылға қарсыз, суықсыз бұлайша жиі қайталануы алаңдатпай қоймайды.

Бұған дейін Түркістан облысында биылғы бәйшешектердің гүлдегені туралы ақпаратты «Сырдария-Түркістан» табиғи паркінің қызметкерлері желіде бөлісіп, басқа да ақпарат құралдары іліп әкеткен еді. Енді міне, «бәйшешек маусымы» еліміздің тұрғыны көп ірі қалаларының бірі Шымқала аумағына да ұласты.

Тұрғындар «бәйшешек» деп атап кеткен бұл өсімдіктің ғылымдағы аты «Алатау шафраны» (Crócus alatávicus). Ол Тянь-Шань тау жүйесінің шөлейтті тауалды қыраттарынан бастап, биік таулы жоталарына дейінгі аралықта өсе береді. Қазақстанның сирек кездесетін өсімдіктері қатарында Қызыл кітапқа енген.

Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, Шымкентте алдағы ақпан айының ішінде бірді-екілі қар жауу мүмкіндігі болжанғанмен, негізінен ауа температурасы 00С-ден түсе қоймайтын секілді. Көктем күні басталып та кеткендей.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

kyzmet-gazeti.kz