ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Таза қала» акциясы басталды. «Азаматтық альянс» қоғамдық ұйымының бастамасымен жүзеге асып, шаһар сәулетіне сән қосып келе жатқан игі шара биыл оныншы рет өткізілгелі отыр.

Акцияға қатысуға ниетті тұрғындардан қазір өтінім қабылдау жүріп жатыр. Ол үшін тұрғындар өздерінің мекен жайына байланысты әр ауданда құрылған жұмысшы топқа өтінім  бере алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша биыл  байқауға өтінім берушілердің қатары көп көрінеді. Олар  байқау қорытындысында «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік үй», «Үздік тұрғын үй алабы» және «Үздік аула сыпырушы» атты 5 номинацияға ие болады.  Шараның мақсаты шаҺар тұрғындарын өздері тұратын көшелер мен аулаларды және қала аумағын таза ұстауға үндеу, жұмылдыру.  Ұйымдастырушылардың айтуынша биыл  жобаға  4,3 миллион теңге бөлініп отыр.  Конкурс жеңімпаздарына  ақшалай  және  бағалы сыйлықтар берілетін болады.

Байқауға төрелік айтатын комиссия мүшелерінің құрамында 7 адам бар. Оның үшеуі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, үшеуі үкіметтік емес ұйым мүшесі. Біреуі  тапсырыс беруші мекеменің атынан қатысатын болады.

Қазан айына дейін жалғасатын бұл акция зор мәнге ие. Өйткені әрбір көшені, ауланы, шаһарды көркейтіп, гүлдендіру, қоқыстан тазалау,  көгалдандыру және таза ұстау – рухани тазалықтың белгісі.  2012 жылы «Азаматтық альянстың» бастамасымен қолға алынған іс-шара қаланың жыл сайынғы дәстүрлі байқауына айналып үлгерді. Айта кету керек, тап мұндай акция әзірге ел аумағындағы ешбір аймақтарда ұйымдастырылмаған.

Акция қарсаңында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби және Еңбекші аудандарының аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Коммуналдық тазалық мекемесінің қызметкерлері орталық көшелердің бойындағы жаяу жүргіншілер  жолы, автобус бекеттерінің айналасы,  аялдамаларды сумен жуып, аялдамалардың  шыны жақтауларын сүртіп тазартты.  Жол жиегіне жиналып қалған  құмдар мен қиыршық тастарды алып тастады.