ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУҒА БЕТ АЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында  барлық сала бойынша өсім бары анықталды. Сондай-ақ, мегаполис атқарылуға тиіс межелерді орындауда елімізде көшбасшы өңірлер қатарына еніп отыр. Бұл туралы  қаңтар-қазан айындағы әлеуметтік-даму қорытындысы жасалған үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Шымкент қаласындағы өндіріс ошақтары өнім өндіруде қарқыны жоғары.  Ресми мәліметтерге жүгінсек, шаһарда өнеркәсіп өнім көлемі 750,3 миллиард теңге жетіп, нақты индексі 105,8 пайызды құраған.  Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 107 пайызға жеткен. Бизнеске қолайлы жағдай жасау және  тұтынушылар  санының көптігіне байланысты  қала экономикасына инвестиция тарту оңтайлы шешілуде. Аймақ экономикасына  биыл 403,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 18,3 пайызға көбейген. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен 93 миллиард теңге, жеке көздерден 310,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал жалпы саудағы табыс 1 578 млрд.теңге жетіп, нақты көлем индексі 14,8 пайызға өсті. Отандық өндірушілер қатары артып келеді. Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд. теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құрумен 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, 2022 жылы 51,4 миллиард  теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 миллиард теңгені құрайтын 520 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба іске асырылды.

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік саласында да қарқынды даму бар. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 101 мыңға жеткен. Ол өткен жылы бұл көрсеткіштен 39 пайызға кем еді.

Бүгінде үшінші мегаполис алып құрылыс алаңына айналды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 150 миллиард теңгеге жеткен. Яғни межеленген жоспар  138,6 пайызды құрап отыр. Қалада 599 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандар мектеп пен емхана құрылыстары да биыл қарқын алды. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үй құрылыстарының да көрігі қызып тұр.

Мегаполисте биыл сауда көлемі 1 578,3 миллиард  теңгеге жетті.  Оның ішінде, бөлшек сауда 482,1 миллиард теңге, көтерме сауда 1 091,3 миллиард  теңге болып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  11,5 пайызға көп.

Шымкентте  жолаушылар айналымының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен 1,0 пайызға, жүк айналымы 4,6 пайызға артып отыр. Байланыс қызметі 6,9 миллиард  теңгені немесе 105,0 пайызды құраған.