ЖӘМИ МЕШІТ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы Шыңғысбай қажы Дәуітұлы атымен аталатын мешіт – Шымкент қаласының ең көне сәулет ескерткіші ретінде саналады. Бұл нысан қала тарихымен қоса өркендеп отырып, түрлі атаулармен аталды. Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдарында өзен бойында орналасуына қарай тұрғындар арасында «Қошқар ата мешіті», «Ескі қаладағы мешіт», «Жәми мешіт» деген атаулары қалыптасты. Тек өткен ғасырдың 95-98-ші жылдары ғана Қазақстан мұсылмандарының бас мүфтиі Рәтбек қажының араласуымен мешітті салдырған тұлға Шыңғысбай Дәуітұлының атымен атала бастады.
Бұл мешітті ХІХ ғасырдың соңындағы орыс деректерінде «Джами мечеть» деген атаумен кезіктіреміз. Сондай-ақ, «Центральный соборный мечеть» дейтін жан-жақты түсіндірме атауды да қоса кездестіреміз. Бұл атау сол кездегі Орта Азия халықтары арасында қалыптасқан «Жәми мешіт» деген атаудың орысшаға әдемі аударылған нұсқасы болды. Яғни, «жәми» деген сөз араб тілінен енген сөз болғанмен, түркі тілдеріне кірігіп кеткен сөз саналады. Мағынасы – «жамағат», «жиын», «көпшілік» деген маңына білдіретін түбірден қалыптасқан. Мұндай атау – жұма намазы, айт намазы және өзге де үлкен діни рәсімдерді атқаратын ірі мешіттерге берілген. Бұл жағынан қазір біз тұрған Жәми мешіттің атауы өте үйлесімді де, жарасымды, орайын тапқан атау болды.
Зерттеушілердің келтіретін дерегіне қарасақ, мешіттің іргетасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланған деседі. Академик Бауыржан Байтанаевтың «Джами мечеть» деп аталатын академиялық зерттеуінде бұл жөнінде кесек пікірлер келтірген. Сондай-ақ, осы автордың мешіт жанында жүргізген археологиялық қазбаларының нәтижесінде өз заманында мешіттің кешенді құрылыс болғанын, қазіргі сақталып отырған жазғы және қысқы ғимарат, құдық, мұнарадан басқа да шілдехана секілді құрылымдары болған дейтін дерегі қызықтыра түседі. Ғалым Жәми мешіттің осындай құрылымдарын салыстыра отырып, бұл құрылыстың прототипі – Сайрамдағы Қызыр мешіті болған деген қорытынды жасаған.
Ал, елімізге дінтанушы және шығыстанушы ғалым, әрі дінбасы ретінде еңбегі сіңген Әбсаттар Дербісәлі атамыз бұл мешіттің құрылысы 1881 жылы басталып, 1889 жылы аяқталған деп нақты дерек ұсынады. Халық аузындағы деректерде Шыңғысбай Дәуітұлы қажылыққа аттанарда 1889 жылы мешіт құрылысын толық аяқтап, халыққа пайдалануға береді де, сол жылдың мамыр айында қажылыққа аттанып, қазан айында елге оралғаны айтылады.
Бұл мешіттің ғимараты Кеңес өкіметі орнағаннан кейін үкіметке тартып алынып, әр жылдары әр түрлі қызметтер атқарған: әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты, тіпті азық-түлік сақтайтын қойма қызметін атқарған. Тек 1947 жылы ғана қала тұрғындарына қайта қайтарылып, мешіт қызметіне қайта берілген.
Осы тұста айта кетерлік нәрсе, Шыңғысбай қажының қажылық сапарының алдында мешіт салдыру ісі еріксіз назар аудартады. Мұндай істі Абайдың әкесі Құнанбайдың да әрекетінен байқаймыз. Демек, сол кезеңдегі қазақ арасынан шыққан қажылардың қажылыққа аттанар алдында «мешіт салдыру дәстүрі» болғанын аңғарамыз. Бұл да болса, қазақ байларының елге сіңірген еңбегінің бір парасы екенін аңғартса керек.