КИЕЛІ ОРЫНДАР ЖӘНЕ ОЛАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ ЖЕЛІСІНДЕГІ МӘДЕНИ ҚАБАТТАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

ХІХ ғасырдағы еңбектерде біз білетін Сайрамды «Кәрі Сайрам» деп атайды. Бүгінде Шымкент қаласының бір бөлігіне айналып отырған бұл тарихи мекеннің басынан өткерген тарихымен қоса ғасырлар қатпарынан бойына сіңіре бүгінге жеткізіп отырған түрлі мәдени қабаттары бар. Осы «мәдени қабаттар» деген терминді тек археология саласына ғана емес, мәдениеттану (культурология) көп салалы ғылымның бір қабатын қамти кететін мифология мен фольклористика тармақтары да қатысы барын айтып жүрміз. Аңыздар мен ертегілердің түп тамырында бүлкілдеп жататын мәдени қатпарлар осыдан нешеме ғасырлар бұрын өмір сүрген бабаларымыздың таным-түсінігінен хабар беріп, тұрмыстық, діни-ритуалдық әдет-ғұрыптарынан да мән аңдатады.

Кәрі Сайрам туралы археологтардың деректерінде қаланың мәдени қабаттары ІХ ғасырдан тереңдемейді деп нақты келтіреді. Ол туралы 2024 жылы жарық көрген «Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» топтамасында жан-жақты тоқталады. Авторлардың келтіруінше, Сайрам қалажұртының мәдени қабаттары 6-7 метр тереңдікке дейін баратыны, ең тереңіндегі ІХ-Х ғасырларға тиесілі жолақтан ары қарай тек табиғи материк деңгейіне түсетіді. Осы еңбекте өңірімізге белгілі өлкетанушы А.Н.Грищенко 1990 жылы Қарашаш ана кесенесі маңындағы салынған мешіт құрылысы үшін қазылған шұңқырдың басы-қасында болып, барлық мәдени қабаттардың тізбесін көзбен көргенін алға тартады. Ал, 2018-2019 жылдары жүргізілген қазба кезінде ортағасырлық монша ғимаратының табылып, теңгелер көмбесінің ашылуы да ІХ ғасырдағы Саманилер кезеңіндегі жазба деректерді дәйектеген болатын.

Бүгінгі арнайы тоқталғымыз келіп отырған тақырыбымызды Кәрі Сайрамда орын тепкен сол Саманилер және оның замандастары Селжұқ, Қарахандар кезеңдеріне тән киелі орындар мен мәдени қабаттар жайына арнасақ дейміз.

Рас, Сайрам туралы сөз қозғар болса, «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Бабтардың бабы – Арыстан баб, Ең үлкені Кәлен баб» деп келетін Ә.Диваев жазбасымен жеткен сөз еске түседі. Бұл сөз Кәрі Сайрамның қасиеттілік дәрежесін көтермелеу үшін айтылғандай көрінгенмен, шын мәнінде бұл өңірдің тарихтың түрлі кезеңдерінде өзіндік рухани әрі мәдени орны бар мекен болғанын да аңдатады. Бұл мекен бауырына Исламға дейінгі кезеңдердің рухани құндылықтарын да, Ислам келгеннен кейінгі мұсылмандық өркениетпен астасып жатқан мәдениеттердің де белгілерін топтай басып жатыр. Бұл жайында айтып та, жазып та жүрміз.

Енді Ислам келгеннен кейінгі кезеңнің өзін бірнеше қабаттарға бөлуге болатынына көз жете түсіп отыр.  Әрине, Ислам келгеннен кейінгі кезең туралы сөз етер болсақ, Қ.А.Ясауидің алар орны ерек. Алайда, Қарахандар кезеңінің алдындағы Саманилер кезеңіне арнайы тоқталмаса болмайды. Әсіресе, ІХ ғасырдағы шарықтау кезеңін басынан өткерген Саманилер мемлекеті 893 жылы Испиджабты да бауырына басады. Содан бір ғасыр бойы Испиджаб өңірі самани әулетінің сауда-экономикалық қатынастардағы қуатты өңіріне айналады. Испиджабта Ахмад ибн Матта деген билеушінің атынан теңге соғылады. Сол маттидтер билікте тұрған кезде мұнда теңге сарайы (монетный двор) жұмыс істеп, 995-999 жылдар аралығында түрлі деңгейдегі дирхамдарды шекеді. Мемлекеттік деңгейдегі теңге сарайын ұстап тұру үшін Испиджабтың ірі қала ғана емес, округтің де үлкен мәнге ие болуы, әскери де сауда экономикалық та қатынастардың тұрақты болуы маңызды болатын. Өзі көшпелі түркі халықтарымен көршілес шекарада орналасқан маңыздылығы да бұл өңірдің әрі дамуына, әрі тұрақты әскер ұстап отыруына себеп болды. Тіпті, Самани билейшілерінің Испиджабқа ерекше мән бергенін қазіргі тілмен айтқанда «арнайы экономикалық аймақ» дәрежесінде қарағанынан аңдаймыз. Егер, тұрғындар елдің басқа өңірлерінен Испибджабқа қоныс аударатын болса, салықтың ауыр түрлерінен босатылып, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілетін болды. Сондықтан да, Бұқара, Қаратегін, Самарқан деп аталатын бірнеше мақаллалар Испиджабтың төңірегінен қаптап өсіп шықты. Ол атаулар сол маңайға көшіп келген тұрғындардың қай өлкеден көшіп келгенін аңдатып тұратын еді. Сондай-ақ, Испиджабтың төрт қақпасы Бұқара, Нуджикет, Фархана, Шавакираса деп аталатын атаулары олардың солай аталатын қалаларға шығатын бағытын ғана емес, сол қақпалар маңына аталған қалалардан көшіп келушілердің де көптігін айғақтап тұратын. Осылайша, сол кезеңдегі Саманилер мемлекетіне қараған Орта Азияның түкпір-түкпірінен көшіп келген тұрғындар Испиджаб қаласының ғана емес, жалпы округтің этникалық және мәдени кескін-келбетін түрлендіріп жіберді.

Саманилердің бұл ұстанған көші-қон және экономикалық-әскери саясаты Испиджаб өңіріндегі түркі халықтарына Ислам дінінің ықпалды әсерін тигізбей қоймады. Әл-Белазуридің еңбегінде 869 жылы Саманилер билеушісі Нух ибн Асад Испиджаб маңындағы түркі халқымен соғыса жүріп қаланы қоршап жатқан ұзын қорған түзеді. Ал, сол Нухтың немересі Насыр 893 жылы өлген соң, оның орнына Исмайыл отырады. Таққа отыра салысымен Исмайылдың бірінші жорығы Испиджабқа шекаралас орналасқан Таразға бағытталып, қидаласқан шайқаста Қарлық түркілерінің билеушісін өлтіреді, Таразды алып ондағы христиан шіркеуін мешітке айналдырады.

Әл-Белазуридің бізге жеткізген бір ғана дерегінен Саманилер кезеңініндегі саяси ахуал ғана емес, рухани-мәдени экспансияның да қабаттарын аңдаймыз. Өзге діндегі түркі халықтарымен соғыса жүріп, өздерінің наным-сенімдерін, исламдық мәдениет үлгілерін де күштеп таңа жүрді. Соның нәтижесінде Қарлық қағанаты толық құлап, оның орнына келген билеушілер 960 жылы мұсылмандықты қабылдап, өздерін Қарахан мемлекеті деп жариялаған әулеттің билігіне ұласты. Қарахан мемлекетінің күш алып, кейіннен басты сахнаға шығуы да осы Саманилер тарихымен тығыз байланып жатыр. 999 жылы түркі-қараханидтер Бұқара түбінде Саманилерді түпкілікті жеңісімен Орта Азиядағы нақты басымдық Қараханилер жағына ауады. Сонымен өңірдегі тарихи кезең де өзгереді. Бұл енді Қ.А.Ясауи бастаған жаңа рухани-мәдени кезеңнің бастауына айналды.

Кәрі Сайрам мен оның айналасындағы өңірде Саманилер билігі кезеңінен қалған киелі орындардың қатары мол. Соның жарқын бір үлгісі ретінде жерлес ғалым Мұхтар Қожа ағамыз Мансұр ата кесенесін алға тартады. ХVІІ ғасырда жазылды деп топшыланатын «Рисала» деп аталатын еңбекке сілтеме жасай отырып, Сайрамды билеген Мансұр деген патша – аңыздық тұлғасына тоқталады. Аңыз желісінен мысал келтіре отырып, Бұқараны билеген Исмайыл Самани жаугершілікпен келіп Сайрам билеушісі Мансұр атаны тұтқынға алатын сөз етеді. Аңыз желісіндегі Саманилер кезеңіндегі (ІХ-Х ғғ) Сайрам өңірінің тарихи келбетін келтіреді. Солай деп отырып, қазіргі Төлеби ауданында орналасқан көне Жарғалық қаласының маңындағы Мансұр ата кесесіне тоқталып, оның сәулеттік ерекшеліктерін де айтып өтеді. Бұл Жарғалық деген көне қала атауы ескі әдебиеттерде Яргалык деп кездесетіні, бір кездері Кәрі Сайрамның бір қақпасы соның атымен «Яргалык капка» деп аталғанын еске ала кетейік. Десе де, басқа бір әдебиеттерде бұл Мансұр ата Саманилер кезеңіндегі (ІХ ғ.) патша болған тұлға емес, Арыстан бабтың ұлы (ХІІ ғ.) Мансұр атамен байланыстырылып аталатыны тағы бар.

Кәрі Сайрамның батыс жақ бетінде сәулеті көркем Мірәлі баб кесенесі орналасқан. Бұл кесененің бастапқы келбеті қандай болғаны белгісіз, қазіргі келбеті ХІХ ғасырда қайта көтерілген. Сәулеттік ерекшелігі жағынан Орта Азияға тән порталды-күмбезді құрылыс. Осы кесененің жоғарғы жағында Мәлік шах деп аталатын кісінің төртқұлақты сағанасы тұр. Кесене мен сағана шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен салынған. Бізге жеткен аңыздың айтуынша, Мәлік шах Мірәлі бабтың әкесі, Сайрам өңірін билеген тарихи тұлға болыпты деседі. Ал, Мірәлі бабтың өзі бір қолына қылыш, екінші қолына құран ұстап, «бейбіт кірсең дінім міне, дінге кірмесең қылышым міне» деп өмірін айқасқа арнаған кісі болыпты деседі. Аңыздағы «Мәлік шах» атауына қарайлап тарихи  деректерге көз жүгіртер болсаңыз, ХІ ғасырда Селжұқ империясының шарықтау шегінде билік еткен Мәлік шах деген тарихи тұлғаны шырамытатының анық. Бірақ, аңыздың негізгі кейіпкері Мірәлі бабтың аңыздағы тұлғалық кейпін салмақтағанда Х ғасырдағы Саманилер кезеңі, олардың дін таратудағы күштеу тәсілі бірінші орынға шығады.

Айтпақшы, жаугершілікпен келген саманилік Нух ибн Асад патшаның Испиджаб маңындағы соғыста аяғы үзеңгіде қалып кетіп, мерт болатыны, қабірі Қазығұрт тауына қойылатыны туралы оқиға «Сайрам тарихы» деп аталатын еңбекте кездеседі. Не десек те, басқыншылықпен келген Саманилер мемлекетінің билеушілерінің ізі біздің өңірде қалды. Тек ізі ғана емес, өліктерінің басы да, көшіріліп келген халқы да, олармен бірге келген мәдени ықпалы да қалып қойғаны рас. Бұл – тарих. Жақсы болсын, жаман болсын, еліміз бен жеріміздің басынан өткерген тарихы. Жаманынан сабақ, жақсысынан тәлім алу өзімізден.

С.Дүйсебайұлы

Көрнекі фотосурет: Кәрі Сайрам. Мірәлі баб кесенесі (ХІХ ғ.)