Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Қырқынан шығару

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қырқынан шығару

Халқымызда балаға, оның ішінде жаңа туған нәрестеге қатысты салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылар жетерлік. Және олардың әрқайсысының бала өмірінде алар орны ерекше. Себебі сал-дәстүрлердің әрбірін халқымыз өз ойынан, жайдан жай емес, оны асыл дініміз – исламға негіздей отырып, ықылым заманнан орындап келеді. Жаңа туған нәрестеге байланысты азан шақырып, ат қоюдан бастап, ақиқа құрбанын шалу, тахник, шашын алу, шілдехана, тұсаукесер, ашамайға мінгізу – бәрі-бәрі де мұсылмандықтан бастау алады. Енді аталған осы керемет дәстүрлеріміздің ішінде «баланы қырқынан шығару» дәстүріне тоқталсақ.

Сәби өмірге келгеніне 40 күн толғанда «қырқынан шығару» рәсімі орындалады. Бұл күні сәбидің ата-әжесі, ата-анасы, жақындары жиылып, әйелдер қауымы баланың алғашқы шашын, тырнағын алып, жақсылап шомылдырады. Баланы шомылдыратын су тап-таза, тұнық болуы тиіс. Және оны өлшеп, ырыздығы мол болсын деп, қырық қасық құяды. Әр қасықты құйған сайын жиылғандардың әрқайсысы ақ тілектерін айтып отырған. Суға тек таза күміс бұйымдарды, әшекейлерді салады. Себебі халқымыз күмістің емдік қасиетін бағалап: «Алтын – сәндікке, күміс – емдікке», деген және күмісті бала адал, ақ, пәк болсын деген ниетпен салатын болған. Осылайша тазартылып құйылған суға жын-шайтандар жоламайды деп есептеген. Ал енді жай емес, тұп-тұнық су құйып, оған емдік қасиеті мол күміс салып, жақсы тілектерін айтып, жақсы ниетпен, ақ бата беріп шомылдырған баланың денсаулығының да жақсы,  өсіп-жетілуінің да жақсы болуын үміт ету ізгі ниеттің белгісі.

Бала туылғаннан кейінгі 40 күн – ана үшін де, бала үшін де «қауіпті, өтпелі кезең» саналады. Қырық күнге дейін босанған әйел де, сәби де ерекше күтімді қажет етеді. Мұны білетін жақындары ана мен баланың бар жағдайын жасап, денсаулықтарына аса мән берген. Осы қырық күн медицинада да «қауіпті кезең» немесе «қалпына келу» кезеңі болып саналады. Себебі жатырдан шыққан бала жаңа ортаға бірден бейімделе алмайды, вирусарды, жұқпалы ауруларды, адамдардың теріс энергиясын да тез қабылдайды. Сол үшін де ата-әжелеріміз қырық күнге дейін сәбиді ешкімге көрсетпеуге тырысқан. Және сәбидің асқорыту жүйесі, ауруларға қарсы тұру иммунитеті, жүйке жүйесінің ортаға бейімделуіне де 5-6 апта уақыт керектігі де айтылады. Жаңа босанған әйелдің де гормоналды фоны, репродуктивті жүйесі, жалпы жай-күйінің жақсарып, қайта қалпына келуіне де қырық күн уақыт қажет. Сондықтан да әжелеріміз қырық күн бойы босанған әйелге ерекше күтім жасап, қалжа жегізіп, жылы, таза ұстаған[1].

Осы қырық күннен аман өткен нәрсетені «адам қатарына қосылды» деп, шашын алып, шомылдырып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Шашын алған соң сол шаштың салмағындай садақа беріледі. Шаш алудың бала денсаулығына пайдалы екендігі айтпаса да белгілі. Ал оны алып, садақа берудің де аса үлкен пайдасы мен мәні бар. Садақа беру – мұсылманның парызы болып саналады. Нәрестенің шашын алуға қатысты мына бір хадисті айта кетсек: Жағфар ибн Мұхаммедтің риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с) қызы Фатима анамыздың (р.а) ұлдары Хасан мен Хусейн, қыздары Зейнеп (р.а) пен Үмму Күлсім (р.а) туылғанда олардың шашын алып, сол шаштың салмағындай садақа берген[2].

Осы 40 күндік мерзім тек қазақ халқында ғана емес өзге де әлем халықтарының тұрмыс салтында өзге діндерде да көнеден бері көрініс тапқан.  Ендігі кезекте мұсылмандық дәстүр негізінде 40 күн, яки жыл мерзімдері жайлы деректерде не жазылғанына қысқаша үңіліп көрсек.

Қасиетті Құранда 40 саны 3 рет айтылады: Мұса (а.с) пайғамабардың Тур тауында өткен 40 күні туралы: «(Тәуратты алуға дайындық жасап, құлшылық етуі үшін) Мұсамен отыз түндік мерзімге келісіп, кейін оған тағы да он түн қосқан едік. Осылайша Раббысының ол үшін тағайындаған мерзімі қырық түнді құраған еді»[3], иудейлердің 40 күн азап кешулері туралы: «Алла: «Ендеше, сол қасиетті өлке бұдан былай оларға қырық жыл бойы харам болады. Өздеріне жақсы болса, мына иен далада қайда барарларын білмей қаңғырып жүрсін. Сен ендігі жерде жүгенсіз кеткен асы қауым үшін қам жемей-ақ қой», – деп кесімді үкімін айтты» деп баяндалса[4],келесі аятта 40 жас жайлы: «Сөйтіп, адам баласы есейіп, (тәндік һәм рухани жағынан) кемеліне келіп, қырықтың қырқасына шыққанда: «Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игіліктті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың!»[5], – делінген.

Кейбір деректерде Жүніс пайғамбардың балықтың қарнында 40 күн жатып, тоқтаусыз Алланы зікір еткендігі, топан су кезінде Нұх пайғамбардың кемеде 40 күн жүргендігі т.б. айтылады.

Ендігі кезекте хадистердегі қырық санына қатысты кейбір мәліметтерді келтірсек: Хадисте келген риуаят бойынша Жер бетіндегі ең алғашқы адам, ең алғашқы пайғамбар Адам атаның топырағы қырық күн иленген екен.[6] Абдулла ибн Масғуд (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын»[7]. Алланың Елшісі (с.а.с.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Кімде-кім, шарап ішіп мас болса, оның қырық күн (сабахән) намазы қабыл болмайды. Одан кейін күнәсіне тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп кешіреді…»[8], дейді. Тағы бір хадисінде: «…Кім мас қылатын ішімдік ішсе, қырық күн намазы кемиді….»[9] делінген.

Сондай-ақ баланың ана қарнында 40 апта болуы, босанғаннан кейін әйелдің нифас мерзімінің (жатырдан қан келуі) ең ұзақ 40 күнге созылуы, денедегі қылдарды тазалауды 40 күннен кешіктірудің ислам шариғатында ұнамсыз іс ретінде қарастырылу т.б. мәселерді де атай кетуге болады.

Ардақты Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымызға Құранның алғашқы аяттары түскенде ол 40 жаста болатын. Расында, 40 жас – жүріп өткен өмір жолының тең жартысы. Жастың шақтың артта қалып, адамның кемелденіп, өзіне-өзі есеп беретін, өмір жайлы жиі ойланатын кезі. Қырық жастағы адам – «кірпіш болып қаланып», қоғамда өз орнын тапқан, материалды және рухани тұрғыда қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі мол маңызды тұлға.

Дәл осы қырық жаста адам өткен күндеріне шүкіршілік айтып, тәубе етіп, алдағы өмірінен игіліктер мен мол жақсылықтар күтеді. Өткен күндері, айлары мен жылдары сақталған өмір сандығын ақтарып отырып, ондағы «керекті», «керексіз» дүниелерді реттестіреді. Қырықта бір апта бір күндей, бір күн бір сағаттай зулап өтеді. Енді «жас кезімде» деген сөз жиі айтылып, «ана», «әке», «бала» деген ұғымдар ерекше мәнге, өмірлік маңызы бар ұғымдарға айналады.

Сопылық ілімде де «чиләның» орны ерекше. Ол – дәруіштердің нәпсілерін тәрбиелеп, тақуалық жолында кемелдену мақсатында қырық күн бойы оңаша мекенде құлшылық, ғибадатпен шұғылдануы. Өз нәпсісін тәрбиелеу барысында оңаша қалуы. Осы Орайда Н. Топбаш былай дейді: «Сопылық ілімінде қырық саны рухани кемелдік тұрғысынан маңызды саналады. Пайғамбарлар үшін Жаратқанның сөзін есту тұрғысынан қырық күн қалайша маңызды болса, әулие құлдардың жүректерінен даналық бұлағының ағуы тұрғысынан соншалықты маңызды. Хадисте «Кімде кім қырық күн таңертең шынайы ықыласпен жалбарынса, тілінен даналық бұлағы ағады»[10]  делінген.  Сопылықта рухани кемелдену үшін жасалатн «чила» немес «арбаин» осы хадистен және Құранда айтылғандай Мұса пайғамбардың Тур тауында 40 күн тұрақтауынан алынған. Мұса пайғамбарға арнайы рухани кемелдік үшін қырық күн бойы ораза ұстау жүктелген. Содан кейін барып ол Жаратқанмен тілдескен. Тәннің жанға кенеттелуі қалайша 40 күнге қатысты болса, одан жырақтауы да 40 күнге қатысты Алланың бекіткен заңы осындай[11].

Міне, көріп отырғанымыздай діни мәтіндерде 40 санының қасиеті жайлы арнайы айтылмағанымен де адамның табиғаты тұрғысынан 40 күндік мерзімнің маңыздылығы атап көрсетіледі. Сонымен қатар қырқынан шығаруды халқымыз діни міндет деп емес, дәстүр ретінде орындайтындықтан оған діни тқрғыдан бидғат, яғни дінге қайшы деп баға беріп, мүлдем атқаруға болмайтын шаралардың қатарына жатқызу – дінге де, дәстүрге де қайшы.

Тырнағы мен қарын шашын алады. Бұл әдетте әйел адамдар атқаратын міндет. Кәдені көркіне мінезі сай, елге сыйлы, инабатты, көп құрсақ көтерген әйел адамға жүктеген. Сол кісінің алақаны арқылы бойындағы жақсы қасиеттер сәбиге жұғысты болсын деп ырымдаған. Мұны мұсылмандық дәстүрмен келген тәбәрік түсінігімен жасаған.

Сондай-ақ “Салт-дәстүр сөйлейді” атты отбасы хрестоматиясында қырқынан шығарған кезде тырнақ пен шаш алу рәсімін де мұсылмандық түсінікпен байланыстырып қараған. Мәселен, «Мұсылмандар Ібілістің адам тәнінде дәрет сындыратын жері – тырнақ асты деп сенеді. Адамның тырнағы алынбай, асты кірге толса, Ібіліс сондай лас жерді іздеп жүреді екен. Қазақта ұсақ-түйекті теріп, өсек-аяң жинап жүретін адамдарды “тырнақ астынан кір іздейді” деп сипаттау осыдан қалыпты. Адам өліп, мәйіті жер қойнына берілген соң, қабір азабы оның тырнағының астынан басталады. Сондықтан мұсылман жұрты тырнақты өсірмей, уақтылы алып отыруға үлкен мән берген. Тырнақты таза ұстау – имандылықтың белгісі» дейді[12].

Тура осы сөздермен келмесе де осы мағынада айтылған бірқатар әлсіз хадистер бар. Мына бір хадисте: «Уа, Әбу Хурайра, тырнағыңды ал! Шындығында шайтан өскен тырнақта отырады» десе, келесі хадисте: «Тырнақтарыңды алыңдар. Расында шайтан ет пен тырнақтың арасында жүреді» делінген[13].

Бөпенің шашын алу себебі де мұсылмандық түсінікпен байланыстырылған. Осыған орай қазақ арасында нәрестенің бірінші алынған шашын сақтап қойып, өскесін өзіне тұмар етіп тағатын ғұрып шыққан. Қазақ арасында шашты далаға бей-берекет тастамау керекдеген түсінік кең тараған[14].

 

Тұсаукесер

Қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – баланың тұсауын кесу. Бұл салт сәби қадамын нық басып, тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалады.

 

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا﴾

«Мал мен бала-шаға дүние тіршілігінің сәні»[15].Ислам түсінігінше,дүние мен бала-шаға осы өмірдегі қызықшылықтардың қатарын құрайды. Бұл бір жағы Жаратушы иенің асыл аманаты. Сол себепті балаға барынша жақсы қарап, оған ең жақсы тәрбие беру ата-ананың міндеті.

Ибн Омар мына хадисті жеткізген: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де қол астыңдағыларға жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, өзінің қол астындағыларға жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, өзінің қол астындағыларға жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі әрқайсысың өз қол астындағыға жауапкерсіңдер»[16].

Ал, енді тұсаукесерде қолданылатын ала жіпке келсек, оның да мәні тереңде. «Ала жіпті аттамау» қазақта ешкімге қиянат жасамау, ешкімді ренжітпеу, адал жүріп тұру секілді мағыналарды білдіреді. «Бір ғана «ала жіптен аттама!» деген өсиеттің астарында қаншама ырым-тыйымдар мен салт-дәстүр, таным жатыр. Егер қазақтың «жыланнан қорыққан ала жіпті аттамас» деген мақалын сөз басында айтқанымыздай «Жаратушының қаһарынан, әміршінің бұйрығынан, халықтың қарғысынан қорыққан күнә жасамайды, қылмысқа бармайды, салт-дәстүрді бұзбайды» деген мағынада қарастырар болақ «ала жіпті аттама!» деген нақылдың мағынасы тіптен тереңге кетеді. Тіпті, шариғат үкімдеріне, ислам қағидаларына дейін барып тіреледі»[17]. Шын мәнінде ислам шариғатында кісі ақысы кешірілмейтін күнәға жатады. Сондықтан діннің бұйрықтарына сауысқандай сақтықпен қараған дана халқымыз кісі ақысын жемеуге қатты мән беріп, дүниеге алғаш аяқ басқаннан соңғы деміне дейін ала жіпті аттамауды баланың құлағына сіңіріп өсірген.

Осы орайда Бұқар жырау:

Іштегі сыр Аллаға мәлім,

Сыртыңдағы қулығың

Амал емей немене.

Кісі ақысын көп жеген

Арам емей немене,[18] – дейді.

Сондай-ақ кісі ақысын жеудің жақсылыққа апармайтынын, ақыретте ол үшін сұрақ боларын былайша айтып ескертеді:

Кісінің, менше, балам, хақын жеме,

Түбінде жарамайды жегіш неме;[19]

…    …

Ешкімнің қақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар;[20]

Тұсау кесер рәсімінде баланың тұсауын кесіп болған соң, құбыла бағытқа қарай жүргізген. Жүрер жолы түзу болсын, хақ жолға бастасын деген тілектен туындаған дәстүр екенін көруге болады.

Исламда жақсылыққа ырым ету болғандықтан, қазақ халқының баланың болашағына үлкен тілектестікпен тұсаукесер жоралғысын өткізуі ислам дінінің түпкі мақсатына толықтай сай келеді.

 

Ауызға түкірту

Қазақтың ауызға түкірту деген тағы бір жақсы дәстүрі бар Қазақтың осы бір дәстүрінің түп төркінін қазбалайтын болсақ, пайғамбар тәліміндегі балаға тахник жасау сүннетіне барып тірелеміз. Бұл процедура исі мұсылманның өмір салтындағы дәстүрлердің қатарынан орын алды. Мұны тахник деп атайды.

«Тахник» деп құрманы жартылай шайнап езіп, соны жаңа туған нәрестенің таңдайына жағуды айтады. Бұл пайғамбардан қалған сүннет амал. Пайғамбарымыз бірнеше сахабаның сәбиіне тахник жасағанын біз тарихтан білеміз. Мәселен, Әбу Бәкірдің (р.а) қызы қызы Әсмә Меккеден Мәдинаға һижрет ету барысында Мәдинадағы Құба деген жерде босанады. Сәбиді Алла елшісіне алып келеді. Расулалла нәрестені қолына алып, оның таңдайына шайнаған құрмасын жағады. Яғни, дүние есігін жаңа ғана ашқан шақалақтың бұл дүниедегі алғаш татқан асы – адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) аузының сөлі араласқан құрма болды. Алла елшісі құрманы сәбидің қызыл иегiне, таңдайына жағып, оған береке тілеп дұға оқыды[21].

Бұхаридің хадис жинағындағы «ақиқа» бөлімінде мынадай риуаят келеді. Әбу Мұсаның (р.а.) ұлы туылғанда Алла елшісі оған Ибраһим деп ат қойып, нәрестенің таңдайына құрма езіп жаққан (тахник), сөйтіп дұға оқып бата берген. Жалпы қазіргі технологиясы дамыған заманда бұл дәстүрдің адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз екендігі анықталып отыр. Құрманың құрамындағы заттар сәбидің иммунитетінің күшеюіне ықпал ететіні байқалған.

Мұсылман халықтарының ішінде қазақ ерекше ырымшыл халық. Кез келген нәрсені жақсылыққа ырым еткенді жақсы көреді. Пайғамбардың осы тахник сүннеті қазақ арасында кең тарағанын біз тарихтан білеміз. Мәселен, Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты еңбегінде белгілі ғалым Бейсенбек Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаевтың түкіргені туралы дерек келеді[22]. Бейсенбек Кенжебаев ауыз әдебеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысқан, қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектер жазған үлкен ғалым. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (19 ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.

.