РУХАНИ ОРТАЛЫҚТА ЕЛ АУЫЗБІРШІЛІГІН НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРА ӨТТІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Елімізде Құрбан айт мейрамы кең көлемді аталып өтіледі. Биылғы 2026 жылдың 27-мамыр күні келген мейрам күні жалпыхалықтық сипаттағы қайырымдылық шаралары да қолға алынып жатыр. Соның бірі Шымкент қаласындағы «Ойсыл баба – Сіргелі» рухани орталығында (Ақмешіт) атқарылды.
«Елшібек батыр» қайырымдық қоры есебінен Рухани орталықтағы мешітте құрбандық шалынып, еті мұқтаж отбасыларға таратылған. Ал, мұқтаж отбасылардың тізімін жер-жердегі ауылдардың ақсақалдары жинап, ұсынған. Осы тізімдегі 84 азаматқа «Елшібек батыр» қайырымдық қоры әлеуметтік көмек көрсетіп отыр. Бұл көмектің ішінде шалынған құрбандықтың еті және ұн, сүйық май, күріш секілді азық-түліктің бірнеше түрінен арнайы себет бар.

Осы шара туралы «Ойсыл баба – Сіргелі» рухани орталығындағы мешіттің имамы Ә.Бекбауов былай дейді:
– Құрбан айт аясында өткізілген бұл қайырымдылық шарасына «Елшібек батыр» қайырымдық қоры мұрындық болып отыр. Шараның ұйымдастырылуының басы-қасында Ж.Білісбеков бастаған азаматтар қор атынан қатысып, ұйыстырып жүрді. Шалынған құрбандықтың еті бар арнайы әлеуметтік көмек әр ауылдан келген азаматтарға табыс етіліп, мұқтаж отбасыларға жеткізіліп берілетін болады, – деп жауап берді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Рухани орталықтың мешітінде оқылған айт намазынан кейін бата жасалып, тұрғындар арасында қазақтың ұлттық және спорттық ойындардан сайыстар өткізілген. Сайыстардың қатарында арқан тартыс, қолкүресі, кір тасын көтеру, қошқар көтеру секілді ойындар болды. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырылып, құрмет көрсетілді.

Осы тұста айта кетсек, мұндай ұлттық және спорттық ойындарды Құрбан айтпен бірге өткізіп отыру мейрамның жалпыхалықтық сипат алуына, тұрғындардың халықтық және діни ауызбіршілігін нығайта түсуге ықпалы болады дейді ұйымдастырушылар.