САЙРАМСУДА ТАУДА ЖҮГІРУДЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
- Түркістан облысы, Төле би ауданы
«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Сайрамсу шатқалы дәл қазіргі уақытта күз мезгілінің нағыз сұлулығын паш етіп тұрған сәті. Осы тау шатқалында «SAIRAM-SU TRAIL 2026» атты тауда жүгіруден халықаралық жарыс өтті. Бұл спорттық шараның басты мақсаты, әлбетте саламатты өмір сүру салтын насихаттау, сондай-ақ, Түркістан облысының көркем табиғаты мен туристік әлеуетін арттыруды көздейді.
Тау ішінде өткен спорттық додаға Қазақстанның бес облысы мен Шымкент қаласынан, Орталық Азия мен ТМД елдерінен, Ресей және АҚШ-тан келген 700-ге жуық кәсіби спортшы мен әуесқой азаматтар қатысты. Қатысушылар тау бөктерінде 5 және 8 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Жарыс тәжірибелі спортшылармен қатар, жүгіруді енді бастаған әуесқойларға да өз мүмкіндігін сынауға мүмкіндік берді.
“SAIRAM-SU TRAIL 2026” жобасы – спортты насихаттап қана қоймай, Түркістан облысының табиғи әлеуетін танытуға, тау және экологиялық туризмді дамытуға ықпал етпек. Өзге елдерден қатысушылардың келуі – өңірдің спорттық және туристік іс-шаралар өткізу мүмкіндігін көрсетті. Жарысты – «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – Түркістанды тарихи-мәдени мұрасымен қатар, табиғи көрікті жерлерімен танымал туристік өңір ретінде таныту. Сонымен бірге, ұлттық табиғи парктерді сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және табиғат аясында демалу мәдениетін қалыптастыруға мән беріледі.