СӘУКЕЛЕ – ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ КИЕЛІ БАС КИІМІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі ең көркем, күрделі және қасиетті бас киімдердің бірі – сәукеле. Ол тек ұзатылатын қыздың сәні ғана емес, оның балалық шақпен қоштасып, ересек өмірге қадам басқанынан хабар беретін маңызды ғұрыптық бұйым. Ғасырлар бойы сәукеле қыз баланың әлеуметтік мәртебесін, отбасының дәулетін және көшпелілердің дүниетанымын сипаттайтын өзіндік бір тұтас белгілер жиынтығы қызметін атқарды.
Қазақтың сәукелесін көне замандардан тамыр тартатын биік төбелі бас киім дәстүрлерінің заңды жалғасы деп тануға болады. Этнографтар оның конус пішінді пошымын сонау сақ-тигрохаудтардың үшкір тымақтарымен және сақ патшайымдарының (мысалы, Есік қорғанынан табылған жәдігерлер) бас киімімен байланыстырады. Дегенмен, оны ортағасырлық түркі-моңғол әйелдерінің биік бас киімі – богтагтың сол күйіндегі көшірмесі деуге келмейді. Ғасырлар өте келе оның пошымы, сүйегінің (қаңқасының) жасалу технологиясы, басқа қондыру және әшекей салу тәсілдері өзгеріп отырған. Сәукеленің негізі жұқа ақ киізден сырылып тігіліп, сырты қымбат барқытпен, мақпалмен немесе дүриямен қапталып, жиегі сусар, бұлғын немесе қара күзен терісімен әдіптелген. Нәтижесінде ол кейбірінің биіктігі 70 см-ден 1 метрге дейін жететін, салмағы 7-ден 12 килограммға дейін тартатын ғажайып өнер туындысына айналды. Бұл ауырлық қалыңдықтың той үстінде асқақ, тік және сырбаз бұралып тұруына көмектескен. Өзгермей жеткен басты нәрсе – әйел өміріндегі ең маңызды белесті биік әрі мол әшекейлі бас киім кигізіп айшықтау деген ортақ мәдени ұстаным. Бұл сабақтастық қазақ дәстүрінде кесте тігіп, моншақ қадап, күміс әшекей тағатын дөңгелек төбетей – тақиядан да көрінеді. Осы көне жәдігерді бүгінгі таңда заманауи қыздар этностильдегі киімдермен үйлестіріп, заманауи өмірде де киіп жүр.
«Сәукеле» сөзінің шығу төркіні: Лингвистика мен халық аңызы
Бас киім атауының этимологиясы туралы ғылыми ортада және ел аузында бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі нұсқа айтылады:
Ғылыми-лингвистикалық нұсқа (Көне түркі-хорезмдік түбір): Зерттеушілер бұл атаудың шығуын екі компоненттің бірігуінен көреді. Сөздің бірінші бөлігі – «сәу» (көне түркі тілінде – бүтін, таза, қасиетті), ал екінші бөлігі – «келе» (хорезм, соғды тілдерінде – бас, төбе, конус тәрізді биіктік) дегенді білдіреді. Демек, ғылыми негізде «сәукеле» сөзі сөзбе-сөз «қасиетті бас» немесе «тазалықтың тәжі» деген ұғымды береді.
Халықтық аңыз нұсқасы («Сау келе ме?»): Ел аузындағы тәмсіл сөздің төркінін қалыңдық көшінің жол жүру қауіпсіздігімен байланыстырады. Бағзы заманда ұзатылған қыздың керуені жиі қарақшылардың шабуылына ұшырайтын. Келінді күтіп отырған ауыл адамдары алыстан шаңы көрінген көшті көргенде уайымдап: «Қызымыз бен ұлымыз жолда қарақшыларға тап болмай, сау келе ме?» деп сұрайтын. Алдынан шыққан қарауылдар алыстан қалыңдықтың күнмен шағылысқан биік бас киімін көргенде ауылға: «Сау келеді! Сау келе жатыр!» деп сүйіншілеген. Осылайша, бұл киелі бас киім халық арасында «Сәукеле» деп аталып кеткен екен.
Әлемде екі бірдей сәукеле кездеспейді. Әрбір зергер бұл бас киімді айлап отырып, өзіндік қолтаңбасымен, қайталанбас композициямен безендірген.
Бас киімнің маңызды элементтерінің бірі – төбелдірікті бекітетін бөлігі. Бұл бөлік жеке дайындалып, төрт сайлы тақия тәріздендіріп кереге түсімен бірдей матадан тігіледі немесе таза күмістен құйылады. Оның ортасына үкі қадап, жиегіне шашақ тағып, алтын-күміспен әшекейлеп, сәукеленің төбесіне қондырғаннан кейін бұл бөлік “бергек” немесе “тәж” деп аталады. Дәулетті адамдар бергекті күмістен табақша тәрізді жасатып, асыл тастардан көз қондырып, оны үкі немесе қырғауыл қауырсынымен, қарқарамен әшекейлейтін болған.
Салтанатты бас киімге қауырсын қадау дәстүрі тым тереңде жатыр. Мәселен, тарихшы Руи Гонсалес де Клавихо, Әмір Темірдің сүйікті әйелі Сарай Мұлық ханымның (Бибі ханым) жүргенде тербеліп тұратын, қауырсын шоқ қадалған биік бас киімін сипаттаған. Қауырсын – сұлулықтың нышаны әрі әйелді бәле-жаладан қорғайтын тұмар есепті қолданылған.
Сәукеленің төмен салбырап тұратын басқа да маңызды бөліктері бар:
Құлақбау және артқыбау: Сәукеленің құлақ тұсынан екі құлақбау, желке тұсынан артқыбау (артқы бойы) түсіріледі. Бұл бөлшектер зертаспамен, тізілген моншақтармен және күміс шытыралармен көркемделеді.
Бетмоншақ пен жақмоншақ (Жақтау): Самай тұсынан бетмоншақ, жақмоншақ тәрізді әшекейлер тағылады. Ауқатты отбасылар оны маржан, перуза, меруерт сияқты қымбат тастардан тізген. Бұл тізбе моншақтардың ұзындығы иесінің байлығын көрсеткен: олар белге дейін, тіпті кейде тізеден төмен түсіп тұратын.
Сәукеленің әшекейлік жүйесі белгілі бір символдық кодтарға негізделген, қорғаныштық, ғұрыптық және магиялық мағынаға ие. Оның композициясында космогониялық мазмұндағы ою-өрнектер, табиғат пен ғарыш символдары жиі кездеседі. Мұндай өрнектердің ішінде «өмір ағашы», өсімдік тектес өрнектер және зооморфтық элементтер ерекше орын алады. Олар әлемнің құрылымы, өмірдің жалғастығы және ұрпақ сабақтастығы идеяларын бейнелейді. Ондағы әр оюдың өз мәні бар: мысалы, қазтабан, түйетабан оюлары – ұрпақ жалғастыратын ана символын білдірсе, қызғалдақ оюы – жастық шақты меңзейді. Қалыңдық үстіне зерленіп, өрнекпен көмкерілген ашық түсті көйлек және сырға, білезік, алқа, жүзік сияқты зергерлік бұйымдарды таққан. Қалыңдық киімі әдетте қызыл түсті болатын. Қызыл түс — күш-қуаттың, жастықтың, толысқанның және құнарлылықтың белгісі. Қызыл барқыт, қамқа сияқты маталар өте бағалы, соған байланысты киімде қызыл түс қаншалық көп болса, бұқара қыз баланың соншалық дәулетті әулеттен шыққанын, текті екенін аңғарған.
Қазақ зергерлері асыл тастарды кездейсоқ емес, оны тағатын адамның жасына, мәртебесіне орай арнайы таңдаған. Мысалы, жас келіншектер мен қалыңдықтарға көбіне көгілдір ақық (фирюза), сердолик пен інжу қолданған. Көгілдір ақық тіл-көзден сақтайтын «тірі тас» саналса, інжу — тазалық пен пәктіктің белгісі. Сәукеленің күміспен күптелуі киімнің ғұрыптық маңызын арттыра түседі. Өйткені күміс — тазалықтың, ақжарма ниеттің нышаны. Желек қалыңдықтың бетін жауып, оның балдәурен балалығымен қоштасып, ересек өмірге аяқ басатынын ишаралаған.
Қазақ салтында қыз ұзатыларда «Сәукеле кигізу» атты арнайы үлкен жоралғы өткізілген. Сәукелені қалыңдыққа сол ауылдағы ең сыйлы, үлгілі, көп балалы әрі бақытты әйел кигізген. Осы еңбегі үшін ол күйеу жігіт тарапынан «сәукеле байғазысы» ретінде өте қымбат сыйлық (түйе немесе асыл бұйым) алған.
Дәстүрлі қазақы ортада сәукеле маңызды экономикалық нысан, яғни әулеттің жинаған капиталы болған. 19-ғасырдаЖетісу атырабында жасалып, Ленинградтағы Антропология және этнография музейіне сыйланған бір сәукеле 100 жылқының құнына бағаланған.
Этнограф Шыңғыс Уәлиханов өз жазбаларында Сандыбай Шапанов деген байдың қызына жасатқан сәукелесін сипаттайды: ол 600 рубльге бағаланып, алтын жіпті шашақтармен тігілген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дерегінше, Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға (жылқыға) бағалаған. Бөкей Ордасында кездескен бір түрі күміс ақшамен 1 000 сомға бағаланса, Семей төңірегінде 2 000 сомға жеткен. Әлеуметтік жіктеліс бойынша, орта дәулеттілер қыздарының сәукелелерін арзанырақ болса да малта тастармен көмкерсе, кедейлердікі жай қызыл шұғадан тігілген қалпақ еді.
Келін түскеннен кейін алғашқы жылдары немесе тұңғыш перзенті дүниеге келгенге дейін оны үлкен той-томалақтар мен ас-жиындарға мақтанышпен киіп баруға құқылы болған.
Уақыт өте келе әйелдің отбасылық мәртебесінің өзгеруіне байланысты бас киімі де үш кезеңнен өткен.
- Сәукеле кезеңі: Ұзату тойынан бастап, келіншік өмірдің алғашқы жылына дейін киіледі.
- Желек кезеңі: Тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдан соң, әйелдер анағұрлым жеңілдетілген, қатты қаңқасы бар, бірақ шошақ пішінді, оқалы паршамен тігілген «желекті» киюге көшкен.
- Кимешек кезеңі: Тұңғыш баласы туғаннан кейін (шамамен 25 жастан асқанда) әйел заты сәукеле мен желегін біржолата шешіп, аналық пен даналықтың нышаны саналатын ақ «кимешек» киген.
Тойлардан кейін сәукеле әулеттің ең киелі жәдігері ретінде ақ матаға оралып, өңіп кетпеуі үшін арнайы қызыл сандыққа салынып сақталған. «Әулеттің рухани қуаты мен құты сәукеледе сақталады» деген сенім болғандықтан, оған бөгде адамның, әсіресе жат қыздардың қолы тиюіне, киіп көруіне мүлдем рұқсат берілмеген. Ол — анадан қызына, әжеден немересіне қалатын, тек рулық қатынастар мен әулет салтанатын (мысалы, құдағи шай кезінде) көрсету үшін ғана сандықтан шығарылатын киелі бойтұмар болды.
Раушан ТҰРАНОВА
Көрнекі сурет: С.М.Дудиннің фотосуреті. Ұзатылу тойына сәукеле киген қазақ қызы. Қазақстан, Семей облысы, 1899 ж.