ТЕҢГЕ – ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ТІРЕГІ
- ,
Тәуелсіздік – мемлекеттің саяси дербестігімен қатар, экономикалық еркіндігімен де айқындалады. Ал ұлттық валютаның болуы – ел егемендігінің маңызды белгілерінің бірі. Қазақстан үшін теңге – жай ғана төлем құралы емес, тәуелсіздіктің нышаны, ұлттық экономиканың негізі.
Теңгенің тарихы – тәуелсіздік тарихы
1993 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашада төл валютамыз – теңге айналымға енді. Бұл тарихи қадам еліміздің дербес ақша-несие саясатын жүргізуіне және ұлттық қаржы жүйесін қалыптастыруына жол ашты.
Теңгенің алғашқы банкноттарында қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлғалардың бейнелері мен ұлттық нақыштар көрініс тапты. Уақыт өте келе ұлттық валютамыз жаңарып, заманауи қорғаныш элементтерімен толықтырылды.
Теңге – ұлттық құндылықтардың көрінісі
Ұлттық валюта – экономикалық тұрақтылықтың ғана емес, елдің тарихи-мәдени болмысының да көрінісі. Банкноттарда бейнеленген ою-өрнектер, сәулет ескерткіштері мен тарихи элементтер халқымыздың бай мұрасын танытады.
Бүгінде цифрлық технологиялар дамып, қолма-қол ақшасыз төлемдер кеңінен қолданылғанымен, теңгенің мемлекет өміріндегі маңызы ерекше. Ол – Қазақстанның қаржылық дербестігінің және экономикалық егемендігінің белгісі.
Ұлттық валютаны құрметтеу – елдің экономикалық тәуелсіздігін құрметтеу. Сондықтан 15 қараша – Ұлттық валюта күні тарихи маңызы зор мереке ретінде аталып өтеді.
Теңге – тәуелсіздіктің төл нышаны, ел экономикасының тірегі және ұлттық мақтанышымыз!
Д.Қосмұрат
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің кіші ғылыми қызметкері