ШЫМКЕНТ ЦИТАДЕЛІ АУМАҒЫНДАҒЫ МАГИСТРАЛЬДЫ КӨШЕ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент цитаделі – Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі ортағасырлық қалалық мәдениеттің қалыптасуы мен даму тарихын танытатын маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі. Қала құрылымындағы негізгі нысандардың қатарында магистральды көше ерекше орын алады. Ол ежелгі қаланың қақпа алдындағы бөлігін бекіністің оңтүстік қасбетімен байланыстырып, тұрғындар мен көлік қозғалысына арналған негізгі жол қызметін атқарған.
Магистральды көшені археологиялық тұрғыдан зерттеу қаланың көше-жол жүйесін, құрылыс ерекшеліктерін және тұрғындардың күнделікті тұрмысын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу материалы кезінде көше екі кезеңде: алдымен бірінші құрылыс қабатының жоғарғы құрылыс қатпары бойынша тереңдету кезінде, кейін екінші құрылыс қабаты деңгейінде тіркеліп отыр.
Археологиялық зерттеулер барысында анықталған магистральды көше өзінің құрылыс тәсілімен ерекшеленеді. Оның төсемі тұрмыстық қалдықтардан – жануар сүйектерінен, қыш ыдыстардың сынықтарынан, малтатастар мен саз қоспасынан нығыздалып жасалған. Мұндай құрылыс тәсілі жолдың беріктігін арттырып, ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік берген. Көше төсемінің бірнеше қабаттан тұруы оның әр кезеңде жөнделіп, қайта қалпына келтірілгенін көрсетеді. Бұл жағдай Шымкент цитаделінің аумағында қала тіршілігінің ұзақ уақыт бойы үздіксіз жалғасқанын айғақтайды. Жолдың орналасуы мен бағыты қаланың ішкі құрылымында көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының жүйелі ұйымдастырылғанын көрсетеді. Магистральды көше бекіністің маңызды бөліктерін өзара байланыстырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарған.
Магистральды көше тек қатынас жолы ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени ақпарат сақталған археологиялық нысан болып табылады. Оның құрылысында пайдаланылған жануар сүйектері мен қыш сынықтары сол кезеңдегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы және материалдық мәдениеті туралы мәлімет береді. Әсіресе жол төсемінде кездесетін қыш қалдықтары қаланың қолөнер өндірісі мен күнделікті тұрмыста пайдаланылған бұйымдардың түрлерін зерттеуге мүмкіндік туғызады. Ал жануар сүйектері тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысқанын және тағамдық тұтыну ерекшеліктерін анықтауда маңызды дерек көзі бола алады.
Шымкент цитаделінің магистральды көшесі – ежелгі қаланың сәулеттік-жоспарлау жүйесі мен тұрғындардың күнделікті өмірінен мәлімет беретін маңызды археологиялық нысан. Оның тұрмыстық қалдықтар негізінде жасалған берік төсемі, бірнеше рет жөнделуі және ұзақ уақыт пайдаланылуы ортағасырлық қала құрылысының өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Магистральды көше – өткен дәуірдегі қалалық өмірдің материалдық куәсі, әрі Шымкенттің тарихи-мәдени мұрасының құнды бөлігі.
Г. Бейсенова.
Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің ғылыми қызметкері
«Археологические изыскания» ЖШС есептерінің мәліметтері пайдаланылды