ҒИМАРАТТАР ЖАҢА СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТКЕ ЕНУДЕ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданынының орталығы Абай ауылында бірнеше ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа келбетке енуде. Олар: Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйі, аудан әкімі аппаратының ғимараты және аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер жайғасатын кеңсе.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алмас Сексенбаев күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарға барып, құрылыс барысын бақылады. Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы мердігер компанияға өнер ордасындағы жылу жүйелерінің сапалы жүргізілуін қатаң қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс нысанында ішкі жарық шамдары, еденге төселген төсеніштердің нашар екенін ескертіп, оны ауыстыруды міндеттеді. Мәдениет үйіндегі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысшылар қазір көрермендер залына жаңа орындықтарды орнату үстінде.

Қайта реконструкциядан өтіп жатқан аудан әкімі аппаратының ғимаратындағы құрылыс жұмыстары да бітуге таяу. Мердігер компания жұмысшылары ғимарттың сырты мен қасбетін, бөлме қабырғаларының ішін әрлеуде. Сонымен қатар, ауланы көгалдандыру, қоршау орнату, аяқжолдарды төсеу жұмыстарын атқарып жатыр. Құрылыс нысанын аралап шыққан Алмас Сексенбаев ғимартта мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасалу керектігін қатаң ескертті.

Ал, Абай ауылындағы бұрынғы перзентхана ғимаратында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда интернет желісін тарту ісі атқарылуда. Бұл нысанға енді Абай ауылы әкімі аппараты және аудан әкімдігінің 4 дербес бөлімі жайғаспақ. Ғимарат жиһаздарымен жабдықталып, компьютерлік қондырғылары орнатылатын болады.