ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНА ВИЗАСЫЗ КІРЕ АЛАДЫ

  • Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
blog-single-image

Күні ертеңнен, яғни 1-сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісімнің қолданысын жаңғырту қалпына келтіріледі. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты мәлімет таратқан.

СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Оңтүстік Корея тарапы визасыз кіру мүмкіндігін COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатқан. Осылайша, Қазақстан азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері – Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алатын болды.

Ал, Корея Республикасында еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұру ниетіңіз болған жағдайдағ тиісті визаны алу қажеттігі туындайды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың «К-ЕТА» электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеру қажет. Оған сәйкес, елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуекомпания ұшақ бортына отырғызудан бас тартуға мәжбүр болады.

Бұдан басқа, СІМ ресми мәлімдемесінде Корея Республикасына сапар шегетін азаматтарға осы елде қолданылатын эпидемияға қарсы шаралар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының консулдық мекемелерінде алдын ала нақтылауға кеңес береген.