ҚАЛА АУМАҒЫ ҚАРДАН ТАЗАРТЫЛЫП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында коммуналдық шаруашылық жұмысшылары бүгін таңертеңнен бастап қызу тірлікке кірісті. Шаһар аумағында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының  аумағындағы ішкі орам және орталық көшелерінде қар тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Абай ауданы бойынша тазалық жұмыстарына «Build Stroi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  25 арнайы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде жолдардағы қарды тазалауға 20 техника, аяқ жолдарды тазалауға арналған 5 техника тынымсыз жұмыс істеуде. Олардың қатарында  14 «Камаз» ПР,  7 трактор,  3 «Газ-Саз» автокөлігі, 6 «Газ 53» машинесі, 2  «Камаз» ассенизатор, 1 «Камаз» шаңсорғышы, 2 «Haide» шаңсорғышы, 2 жүк тасығышы бар. Сонымен бірге  жалпы саны 200-ге жуық адам  тазалық жұмыстарына тартылған. Аталған техникалар 9 бағыт бойынша жұмыстар атқаратын болады. Сонымен қатар коммуналдық қызмет мекемелерінің қоймасында көшелердегі мұзға себетін 5 мың 875  текше метр  инертті материал бар.

Әл-Фараби ауданы аумағында да бүгін таңғы 5-тен бастап басты және ішкі орамдық көшелерде қар күреу жұмыстары басталды. Тазалық жұмыстарын мердігер мекеме «Жасыл ел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қар тазалауға техникалар мен қоса   50-ден аса жұмыс күші жұмылдырылды.

Ал Еңбекші ауданында тазалау жұмыстарын  мердігер мекеме «Жасыл Жер»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүзеге асуда. Аудан көлемінде тазалық жұмыстарына жалпы саны 220 адам қатысып жатыр.

Шымкент қаласының Қаратау аудан аумағын қардан тазарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Коммуналдық қызмет жұмысшыларының көмегімен ең алдымен әлеуметтік нысандар: тұрғын үй кешендері, жолдар, аялдамалар мен ойын-сауық орталықтары қардан аршылды. Одан соң орталық көшелер мен әлеуметтік нысан орналасқан көшелердің аяқжолдары тазарды.  Бұл іске 21 қар тазалағыш техника, 12 қар тасығыш техника, 1 ассенизатор, 6 трактор және 300 жұмысшы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, тайғақтың алдын алу үшін жолдарға, қиылыстарға, жол айрықтарға мұзды ерітетін арнайы материалдар қолданылды. Бұл аймақтарға  шамамен 250 текше метр инертті материал шашылды. Ауданда тротуарларды, жаяу жүргіншілер жолын, қоғамдық көлік аялдамаларын, тұрақ «қалташаларын», саябақтар мен скверлерді тазалау жұмыстары жалғасуда.

Мегаполисте  ауа райының қолайсыздығына  байланысты аудан әкімдігінің салаға жауапты бөлімдерінде қар тазалау жұмыстарын қадағалау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.