ҚАРА ШАҢЫРАҚ ОҚУ ОРДАСЫНА 85 ЖЫЛ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына – 85 жыл. Ол 1937 жылы мұғалімдер институты болып ашылып, 1954 жылы педагогикалық институт ретінде қайта құрылған білім күмбезі Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ең алғашқы жоғарғы оқу орны болатын. 1987 жылы М.О.Әуезов есімі берілген еліміздің сол кезеңдегі маңдайалды алғашқы зиялылары, ғалым ұстаздары еңбек еткен қасиетті де киелі қара шаңырақ тек облыс көлемінде ғана емес, республикамыздың басқа да аймақтары үшін мыңдаған білікті маман педагогтарды даярлап шығарды.

Оқу орны 1993 жылы ҚР үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының  ғылыми әлеуетін көтеру үшін М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды. Ал, 1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімі, 2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дың Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дың Шымкент институты болып 2011 жылдың 28 маусымына дейін жұмыс істеді.

Содан 2008 жылы ашылған жекеменшік оқу орны институт қайта құрылған 2011 жылға дейін оқу орнының базасында студенттерді қабылдап, оқу үдерісін жүргізіп отырды. Кейіннен білім ордасына бұрынғы мәртебесін қайтару туралы шешім қабылданды. 2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 Қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына университет мәртебесі берілді.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында  білім алғысы келетін талапкерлер саны бүгінгі таңда  2011 жылмен салыстырғанда 5 есеге өсіп отыр.  Жастардың дені мемлекеттік оқу ордасында білім алуды өздеріне  үлкен абырой санайды. Ең бастысы, заманға лайық сапалы әрі терең білім алудың кепілі екенін айтады.

Оқу орнының тағы бір жетістігі ақпараттық жүйенің озық үлгіде жолға қойылуы. Бүгінгі таңда студенттер компьютерлік оқу бағдарламаларын, мультимедиялық технологиялар, видеолекциялар, виртуальды зертханаларды  еркін пайдалануына толық мүмкіндік бар. Осы арқылы  олар әлемдік ақпараттық кеңістік қорына еркін пайдаланып отыр.

Ақыл-ойы кемел, терең білімді ұрпақ – Қазақстанның  басты құндылығы. Байлығы. Сондықтан да ұстаздық адамзат тәрбиесіне негіз қалайтын ұлы мамандық. Ел даму мен ұрпақ тәрбиесінде айырықша ролге ие осындай мамандық иелерін оқытып келе жатқан Оңтүстіктегі қарашаңырақ педагогикалық оқу ордасы өзінің 85 жылдық мерейлі белесін осындай толайым жетістіктермен қарсы алып отыр.