«ҚЫЛУЕТ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қылует» рухани орталығының құрылыс алаңына барды.
Бұл орталық кәсіпкерлер ғана емес, жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынуда. Рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталды. «Қылует» рухани орталығы биыл ел игілігіне берілмек.
Бұл мешіттің тарихы тереңде жатыр. Түркістанда XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған «Қылует» мешіті болған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт бой көтерген. Кейін келушілердің көбеюіне байланысты 1980 жылы толық сүріліп, қайта салынған. 2020 жылы мешіт жарамсыз деп танылып, бұзылған.
Қазіргі таңда мешіттің Түркістан қаласы үшін тарихи маңыздылығы ескеріле отырып, 500 адамға лайықталып, қайта салу жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ.