ҚЫСТА ЖЫЛУДАН ҚИЫНДЫҚ БОЛМАЙДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында орталы қазандыққа жалғанған   1 мың 987 көпқабатты тұрғын үй мен 484 бюджеттік мекемеге  биылғы жылдың 20 қазанынан бастап жылу беріле бастады. Қазіргі уақытта жылу беру барысы штаттық режимде өтуде. Бұл туралы «Қуатжылуорталық-3» МКК инженері Нұрбек Орынбаев айтты.

– Бюджеттік мекемелерге қажетті 4,7 мың тонна көмірге және 655 тонна сұйық отынға толық келісім-шарт жасалған. Бұл – мекемелердің өтініміне сәйкес тасымалданатын болады. Төрт ауданда жылу жүйелеріне мониторинг және оперативті жөндеу жұмыстарын атқаратын тоғыз учаске қызмет етеді. Онда отыз алты бригада жасақталған. Жалпы қаланың 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымының барысы қадағаланып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Күнделікті тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде және бақылауға алынған, – деді Н.Орынбаев.

«3-Энергоорталықта» қазір екі қазандық жұмыс істеп тұр.    Ал бірреуі резервте. Күн қатты суытқан кезеңде ол да іске қосылатын болады.  №1, №2 турбогенератор 140 МВт электр қуатын өндіруде.

Сонымен қатар, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на қарасты он бес қазандық пен он жеті сорғы станция да  өз қуаттылығында жұмыс істеп тұр.   Дербес  екі қазандықтың жұмыс істеуі үшін  1,1 мың тонна көмір  әзірленген.

Жылу маусымы барысында ақаулықтар болса оны  оперативті түрде жөндеуге байланысты өтінімдерді диспетчерлік қызметке немесе бірыңғай «I-Komek-109» орталығы жолдауға болады. Олар аптаның барлық күнінде тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді.

Көмірмен жылытылатын нысандар да биыл қыстан қысылмай шығады.

-Мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласына 154,0 мың тонна көмір тасымалданған. Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметінше 2 мың 132 вагон қатты отын жеткізілген. Көмір тасымалдаушы мекемелердің қоймасында 9  мың тоннадан астам көмір сақтаулы. Қалаға күнделікті  207-345 тонна (3-5 вагон) көмір келуде», – дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіхалықов.

Сондай-ақ, бюджеттік мекемелерге (білім, денсаулық, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту – 4,7 мың тонна) және дербес қазандықтарға («Қуатжылуорталық-3» МКК 1,1 мың тонна ) қажетті 5,8 мың тонна, толық қамтамасыз етілып отыр. Жалпы, Шымкент қаласы тұрғындарының көмірге сұранысы 72 мың тоннаның төңірегінде. Қазір оның тоннасы 15 мың 100 және 15 мың 300 теңге аралығында сатылуда. Оның сапасына байланысты тұтынушылар тарапынан ешқандай арыз-шағым түспеген.