ҚЫС МАУСЫМЫНА ҚАМ ЖАСАЛУДА

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының аумағына жылу беретін 15 қазандықтың бүгінгі таңға үшеуі жөнделіп, сақадай дайын тұр. Ал қалған 12 қазандықты жөндеу жұмыстары қыркүйек айының ортасында аяқталады. Сондай-ақ жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаның 7-еуі қысқы жылу беру маусымына дайын тұр. Қалған стансаларда жөндеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен  энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының алдағы қыс маусымына жылу беру жұмысының дайындық есебінде айтылды.

Қалада 2022-2023 жылдың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының жоспары түзілген. Сонымен бірге арнайы штаб құрамы жасақталған. Штаб өткен жылдағы атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерге  талдау жасап, алдағы маусымға дайындық жүргізуде.

Биыл көктемде  жылу беру маусымы тоқтатылғаннан кейін  838 шақырым жылу жүйелері тексеруден өткен. Осы жұмыстардың нәтижесінде  79 ақау анықталып отыр. Қазір оның  21-і түзетілген болса,  қалған 58 ақау осы жылдың  қыркүйек айына дейін толық қалпына келтіріледі.

Қазір сондай-ақ жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18 шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге жүргізетін мердігер мекеме анықталуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37%-дан 35%-ға төмендейді.

Шаһарда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 мың 987 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінге солардың 179-ы жылу маусымына  әзір, қалған үйлерде дайындық жұмыстары атқарылуда.

ҚалFдағы әлеуметтік нысандарды да жылу мауысымна дайындау ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. 484 бюджеттік нысанның 81-і жылу маусымына дайын тұр. Өзге нысандардарда дайындық жұмыстары жалғасуда. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандар бар.

Сонымен қатар, бюджеттік нысандарға көмір тасымалдайтын мердігер мекеме анықталу үстінде. Қыстан тарықпау үшін 4,7 мың тонна көмір қажет. Ал қыс маусымына керекті 655 тонна сұйық отынның бүгінге дейін  8,2 тоннасы тасымалданды. Қалған сұйық отынға тасымалдаушы мердігер мекеме анықталуда. Қажетті отын көлемі 1 қыркүйекке дейін жеткізіледі.