«ҚҰРСАЙ-2» МЕН «ОҢТҮСТІК-БАТЫС» ШАҒЫН АУДАНДАРЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Осыдан алты жылы бұрын қала аумағына енген елдімекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау мақсатында талқылау өткізілді. Жиынға  «Құрсай-2» мен «Оңтүстік-батыс» шағын аудандарының тұрғындары қатысты.

Құрсай -2 тұрғын алабын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында,  құрылыс үшін неғұрлым күрделі және қолайсыз учаскелердің едәуір бөлігіне саябақтар мен гүлбақтарын, сондай-ақ, тұрғындар демалатын орындар салу көзделіп отыр. Ал, елді мекен орталығында қоғамдық-сауда және ойын-сауық орталығы бой көтеріп, демалыс паркі құрылмақ. Салыстырмалы түрде ыңғайлы және ең қолайлы жерлерге  жалпы білім беретін мектептер мен балалар мекемелерін, спорттық және дене шынықтыру құрылыстары салынатын болады. Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері  жолға жақын жерде орналасады деп жоспарланған.

– Бас жоспардың әзірленуіне байланысты «Құрсай» тұрғын алабын  газдандыру, ауыз су жүргізу және тағы да басқа инфрақұрылым жүргізу ісіне түзетулер енгізілді. Қазір осыған байланысты қоғамдық талқылау өтуде. Тағы бір осындай жоба «Оңтүстік-батыс» деп аталатын. Ол 2011 жылы жасалған жоспар. Жобаны игеру мерзімі 7 жыл. Оған да түзетулер енгізілген. 2014 жылы Шымкент қаласының аумағына Түркістан облысы Сайрам ауданынан біраз елді мекен енген. Соған байланысты бірқатар өзгерістер жасалып отыр,-деді  Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Мырзагелді Көбелеков

Бас жоспармен танысып, көкейдегі сауалдарына жауап алған  тұрғындар, сала мамандарынан жол мәселесін тездетіп шешіп беруді сұранды. Өйткені жол түсетін аумақтың бір бөлігіндегі 3 жер учаскесі проблема тудырып отыр. Кезінде Сайрам ауданы кезінде берілген жер учаскелерінде бір ізділік жоқ. Жүйеге келтірілмеген.

Біз бас жоспарды жасағанда, тұрғын үйлердің құрылыс нормаларын сақтамағанын байқадық. Тіпті, жол түсетін аумақтарға дейін жайылып кеткен. Біз ондай үш жерді анықтадық. Оның біреуінде баспана салынып қойыпты. Ал, екі жер бос екен. Тұрғындарға қазір барынша түсіндіріп жатырмыз.-деді  «ГРАДО» ЖШС-нің директоры Михаил Шербин.

Жол түсетін аумақтағы жер учаскелері мемлекет меншіге қайтарылады. Ол үшін құжаттар жер иелеріне өтемақы төленбек. Егер,  онымен келіспеген жағдайда, сотқа арыз түсіруге құқылы. Сондай-ақ, кездесуде қала шетіндегі «Онтүстік-батыс» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлы жобасы да тұрғындар назарына ұсынылды.  Болашақта елді мекеннен көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Бұйыртса, қос шағын ауданның бас жоспары осы жылдың қарашасында бекітіледі деп күтілуде. Ол уақытқа дейін, тұрғындар арасында үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талап-тілектері тыңдалатын болады.