Қауіпсіз ел Тұрақтылық пен таным ұлттық мінезді қалыптастырады

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы орасан. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт дамуының негізі. Түрлі мәдениет тоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын дәл осы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқаратыны айтпаса да түсінікті.

         Бүгінгі қоғамда дін мәселесі, оның ішінде адасушылық жолға түсіп кеткен жастарымыздың зайырлы мемлекет принциптеріне қайшы келетін идеологияның жетегінде жүріп, ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды мойындамуы алаңдататындай-ақ мәселе. Дәстүр несімен құнды? Дәстүр шектен шығармайды. Дәстүр тұрақтылық пен ұлт мінезін қалыптастырады.

Әр ұлттың өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтары сақталған. Ал қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Әр заманның өзіне тән салты мен дәстүрі қалыптасқан. Біз ата-бабаның домбырасының үнімен, әсем әуендерімен, жыр дастандарымен жеткізген рухани мұраға бай халықпыз. Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде. Ұрпаққа адамгершілікті дәріптеу, ақыл мен білімге шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Нәресте болып  өмірге келгеннен бастап қарттық шағына дейінгі аралықта орындалатын салт – жоралғылары жеткілікті. Мұның бәрі адам өміріне бей – жай қарамағандығының көрінісі.

         Еліміздегі саяси ұйымдардың тұғырнамасында да бұл мәселе қалыс қалған емес. Партияның мақсаты – азаматтың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, ал адал еңбек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асыруға және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін демократиялық, әділетті және өркендеген мемлекет құру болып табылады. Болашақ дамуы мәдениетке сүйенген құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты. Ал адамда басты құндылық деп қабылдайтын ұлттық тәрбие әрдайым жоғары тұруы тиіс. Ұлттық құндылықтарды ата-бабамыз өмір сүру салтына байланысты пайдаланып, дамытып ұрпақтарына, яғни бізге аманат етіп қалдырған басты байлығымызды сақтау – әрбірімізге жүктелген жауапты міндет.

«Үлкенге ізет,  кішіге құрмет» көрсете білетін қазақ халқы кейінгі 30-40 жылдың ішінде ұлттық тамырдан танымастай кейіп көрсетіп, өзгеруге ұшырай бастады. Бұған түрлі факторлар себеп болуда.  Біріншіден, сыртқы күштердің ықпалы десек, екіншіден өз дәстүрімізді жаңа заманға лайық көрмеудің салдары дер едім.

 

Ең әуелі халықтың қорғанышы – ол ұлттың ана тілі. Тіл бар жерде ұлт, ел және жер бар. Ғабит Мүсірепов «ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады», – дейді. Тілін білмеген, түбін білмейді, ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді. Осыған байланысты ана тілін ардақтамайтын, тарихын терең зерттегісі келмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны  көңілге қаяу келтіреді. Тек жастарымыз ғана емес, аға буын өкілдерінің төл тілімізге деген бағасы төмен екені байқалады.

Қазақ баласы тәрбие бастауынан қол үзген күні болмысынан айырылған ұлттардың біріне айналады. Сондықтан, біз ата-бабалар ұстанған дара да, дана жолды ұмытпауымыз керек. Біз сол рухани ұлттық кодты жаңғырта білуді ұйымдастыра алуымыз қажет. Ұлттық салт-дәстүр ешқашан ескілік болған емес. Мысалы, жапон халқын алсақ, олар өркениет өріне тек технологиялары арқылы жеткен жоқ, әдебиетін де, мәдениетін де, ғылымын да ұлттық салт-дәстүрмен ұштастырулары арқылы жетті.

Біз жаңа қоғамда өмір сүріп жатқанымыз рас, бірақ жаңалыққа қадам басу- ұлттық тамырдан және қастерлі құндылықтардан бас тарту емес. Ал осы айтып отырған ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктеріміздің бәрі кешегі түркі халықтарының биік тұрағы болып табылса керек.

Біз бұрын кімді қазақ дейтін едік? Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, жетімі мен жесірін қаңғытпайтын, бақты қумайтын, тақты теппейтін, бармын деп шіренбеген, жоқпын деп тіленбеген текті жұртты айтатын едік. Бір-бірімен көкпар тартысса да, бір-бірінің етегінен тартыспайтын, бір-бірімен жамбасқа алып белдессе де, өмірде бір бірін аяқтан шалмайтын азамат мінезді Алаш едік. Сөзге ұтылмайтын, досқа адал, қонақжай, сертке тұратын сері халық едік. Сонымен қатар әлемде мал-жан сұрап амандасатын елміз. Бұл біздің ерекшелік сипатымыз. Қаһарланса қайсар, мейірленсе жұмсақ, қара нанды бөліп жеген қанағатшыл, қара қылды қақ жарған әділетшіл даналарымыз көп-ақ болды емес пе?

Еліміздің мемлекеттік рәміздері мен қазақтың салт-дәстүрлерін күнделікті жастардың бойына дарыта отырып, оны құрметтеуді, адал қызмет етуді, болашақ тек әділетті қоғам арқылы дамитынына көзін жеткізу – біздерге байланысты.  Қазіргі таңда жаһанданудың жаңғырығы белең алып тұрған күрделі кезеңде Отанын сүйетін, туған жерін құрметтейтін, ата-баба салт-дәстүрлерін мақтаныш ететін ұрпақ тәрбиелеудің маңызы арта түсуде. Ұлы философ, ғұлама ғалым Конфуций: «Егер әр адам күнде өзіне мен елім үшін не істедім деген сұрақ қойса, ол ел мәңгі жасайды» деген екен. Сондықтан да, жастарды мемлекетшілдік пен отаншылдыққа баулудың, олардың саяси мәдениетінің қалыптасуына мән беру керектілігі айқындала түсті.

Қазақстан – зайырлы, өркениетті ел. Біздің зайырлы мемлекет «дінсіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар. Дегенмен, осы тұста берік тамырымыздан ажырап қалмай, жастардың бойында мықты ұстаным қалыптастыру қажет.

Біз келешекте дамыған қуатты мемлекет, өркениетті қоғам құрамыз десек, жастардың бойында саяси мәдениетті қалыптастырып, отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Ал, ол тәрбиенің негізі, ғасырлар сынынан сүрінбей өткен, халқымыздың рухани мұралары, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және «ата-баба» жолы. Еліміздің тарихындағы даму мен өркендеудің тағылымы мен тәлімін ұғынып, осы өткен жолдан сабақ алсақ, біздің елдігіміз мәңгі жасайды.

Қоғамда адамгершілік ұғымды сақтау, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, мәдени және тарихи дәстүрлерді бағалау бірінші кезектегі мәселелер болып табылады. Ал, қоғамның негізін қалайтын отбасы болғандықтан, отбасы құндылықтарын күшейтуді уақыт талап етіп отыр.

Қорыта айтқанда, біздің ел ұлт тарихы терең, ғасырлар қойнауынан сүзіліп, екшеліп жеткен берік салт-дәстүрі бар қайсар ел.  Осыны келешек ұрпақ мақтан етердей жүректеріне орнықтыру, патриот болуына біздің баршамыздың ең басты міндетіміз болуы шарт.

 

 

Жанар Бектаева, саясаттанушы