ӘСКЕРИ БӨЛІМНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 60 ЖЫЛ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазақстан Республикасы  Ұлттық ұланы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің құрылғанына 60 жыл толды. Бөлім 1961 жылдың 7 қазанында  Қазақ КСР ІІМ ішкі әскерлерінің жеке дивизиялық бөлімі мен айдауылдау күзеті ретінде құрылған. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарға дейін айдауылдау полкы болып қызмет атқарып келген әскери бөлім 1994 жылдың 2 науырызында Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері бас қолбасшылығының бұйырығымен ҚР ішкі әскерлерінің 3 бригадасы болып өзгертілді. Кейін араға төрт жыл уақыт салып барып, моторландырылған полк, яғни 6506 әскери бөлімі болып қайта құрылды.

Бөлім бүгінгі таңда аймақтағы  қоғамдық тәртіпті сақтау мен қадағалауда үлкен күшке айналып отыр. Бүгінгі таңда бөлімде 2 мыңға тарта әскери құрам бар. Оның 800-ы әскери борышын өтеп жатқан жас жауынгерлер. Бөлім сарбаздары бұған дейін Отырар, Мақтарал аудандарында болған тасқын кезінде тұрғындарды құтқару, жыл сайын Бәйдібек ауданы мен Жамбыл облысы шекаралық аймақтарында жиі болатын қар құрсауынан азаматтарды алып шығу, Арыс қаласындағы жарылыс секілді төтенше жағдайлар кезінде ерекше батылдығымен көзге түсті. 1990 жылы Таулы Карабахтағы тәжік-ауған  қақтығысында 17 сарбаз дұшпандарға қарсы соғысып, ерлікпен қаза тапқан. Кейіннен олардың барлығы да Мемлекеттік наградаларға ұсынылды.  Мерейтойға орай бүгін салтанатты жиын өтіп,  әскери қызметшілердің ерлік істері баяндалды.

– Негізгі тапсырмалар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ішкі істер департаментімен бірлесіп. Қазіргі таңда жауынгерлер бұл тапсырманы абыроймен  орындап келеді. Әрі қарай да осы талаптан шығады деп сенемі,-дейді мерейтойға орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген ҚР ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің командирі. Бауыржан Қабылбеков

Ұлттық Ұланның 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері қазіргіге дейін өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен, адал, қырағы орындап келеді. Олар Ішкі істер қызметінің өкілдерімен бірге Шымкент көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сонымен бірге қалада өтетін мәдени спорттық ауқымды шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кез-келген төтенше жағдайлар, табиғи апаттар салдарынан болған қауіп-қатер кезінде де қарапайым халықтың амандығы жолында қызмет атқарады.

Мерейтойға орай өткізілген салтанатты жиын барысында жауынгерлік қызметтегі үздіктер марапатталып, соңы думанды концертке ұласты. Үлкен экраннан  әскери бөлімнің құрылған жылынан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін видеоролик көрсетілді.