10 АНИМАЦИЯЛЫҚ  ФИЛЬМ ТҮСІРІЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

 Елімізде қазақ анимациясының шығармашылық бірлестігі құрылады. Және бұл мекеме биылғы жылы пилоттық жоба ретінде балаларға арналған 10  фильм  әзірлеп ұсынады. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бүгін Шымкент қаласы жұртшылығымен кездесуінде айтты.

– Мен анимация саласында өзіндік орны бар шымкенттік жігіттердің жұмысымен таныспын. Сондықтан сіздерді «Қазақ анимациясымен» бірлесіп жұмыс істеуге  шақырамын,-деді министр.

         Қазақ мультфильміне  жарты ғасырдан асты.  Әлі күнге құлашын жазып, қадамын нық баса алмай келе жатқан салада биыл бірқатар оңды өзгерістер болмақ. Анимациялық киностудиялар ортақ бірлестікке шоғыраланады.  Сондай-ақ  биыл балаларға арналған рейтингісі жоғары  шетелдік   фильмдерді  дубляж жасауға мемлекеттен қаржы  бөлінеді.

          Кездесу барысында мәдениет және спорт министрі  өнер  туризм саласындағы жетістер жайына да тоқталды. Биыл Шымкент қаласында 10 мәдениет ошағына жөндеу жүргізілуде, Жаңадан  2 өнер ордасы салынбақ.

Ал мегаполиске саяхаттап келген туристер саны  биыл 30 пайызға өскен. Шаһардағы тарихи сәулеттік орындар, «Шарықтай бер, Шымқала» фестивалі,  гастрономиялық жәрмеңке, «Қошқарата сейілін» тамашалау үшін соңғы үш айдың ішінде 129 мың шетел азаматты қыдырып келген. Оларға 27 туристік бағыт ұсынылды.  Оның 17-і  Шымкент қаласы аумағында  болса, қалған 17-і Түркістан облысымен бірлескен бағыттар. Олар тарихи-мәдени, экстремалды, өндірістік, экологиялық және зиярат ету туризмін қамтиды. Туризм бойынша Шымкентте енді мобилография фестивалі, шопинг туризмінің апталығы,  фильмдердің саунд трегінің концерті, этно экскурсия секілді тартымды шаралар ұйымдастырылмақ.

Д. Абаев басқосуға жиылғандарға әдебиетті қолдау жайы да назардан  тыс қалмайтынын жеткізді. Биыл елімізде алғаш рет елімізде қаламгерлер үшін «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалады.

– «Дені сау ұлт» жобасы бойынша 2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған  ипподром салынып жатыр,-деді министр.

Д. Абаев халықпен кездесу барысында  спорт және мәдениет қызметкерлерін толғандырған  өзге де сауалдарға жауап берді.