20 МЫҢ ТҰРҒЫН КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРМЕК

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында биыл жыл соңына дейін 20 мың тұрғын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде мегаполис халқының 94,7 пайызы көгілдір отынның игілігін көрмек.

Ол үшін бүгінгі таңда 2 магистральды газ құбыры жүргізілуде, 10 елді мекенге ішкі желілер тартылып жатыр. Олар: «Тұран», «Көкбұлақ», «Ақтас», «Батыс», «Қайнарбұлақ», «Сәуле» (276 орам), «Ақжар», «Арғымақ», «Нұртас», «Солтүстік саяжай» және «Тассай» елді мекендері. Жыл соңына дейін газ құбырын тарту жұмыстары 8 елді мекенде аяқталады. Сондай-ақ, былтырғы жылы ішкі жүйелердің құрылысы аяқталған елді мекендерде қазір тұрғындармен техникалық шарт жасау және абоненттерді газға қосу ісі жүріп жатыр.

Мәселен, «Ақтасқа» газ құбырын тарту жұмысының 65 пайызы орындалған. Құрылыс осы жылдың тамыз айында толық аяқталады. Нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек. «Ақтас-2» шағын ауданында да жағдай осындай. Құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Нысан құрылысы үшін қазынадан 223,6 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңға дейін бұл қаржының 120 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болатын ішкі жүйелерге құбыр тартылуда. Өткен жылдың соңында басталған жоба биыл тамыз айына дейін бітіп, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде елді мекендегі 160 абонент табиғи газбен қамтылады.

Сондай-ақ, биылғы жылдың сәуір айында Шымкент қаласында үшінші газ тарату станциясы да іске қосылды. Мегаполистің үлкеюіне байланысты бұған дейін екі станция өз мүмкіндігінен артық жұмыс істеп келді. Енді жаңа нысаның іске қосылуы нәтижесінде станциялар шаһар аумағына сағатына 250 мың текше метр газды қиналмай жеткізуге қауқарлы.

Былтыр Шымкент қаласында 5 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Сондай-ақ, өткен жылы 3 магистральды газ құбырының құрылысы жүрді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттің есебінен 6 миллиард 100 миллион теңге қаржы жұмсалған. Нәтижесінде өткен жылдың соңында Шымкент қаласының тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті.

Жалпы, Шымкент қаласын 2025 жылға дейін толық газдандыру жоспарланып отыр. 2023-2025 жылдары аралығына арналған қаланың даму жоспарына сәйкес, газбен жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, шаһар аумағын 100% табиғи газбен қамту жоспарланған.