ҚАЛАНЫҢ ЕСКІ КӨШЕЛЕРІ: ӘЙТЕКЕ БИ КӨШЕСІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы – елдегі ең көне қала. Бұл қазіргі таңда нақты дәлелденген дерек бойынша. Ежелгі қалалардың тіршілігінде маңызды рөл атқарған көшелері мен аяқжолдары тұрғындардың шаруашылығы мен тірлігіне жараған. Сырттан келетін керуеншілердің түйелі кіре тартып, қақпадан кіргеннен қала ішіндегі керуен сарайлар мен базарларына қарай жол бастайтын магистральді көшелерінің де өз орны бар. Өзі тар, әрі бұралаңы көп көшеге иін тірестіре салынған баспаналар, ығы-жығы болып жататын қала тіршілігі қала картинасының күйбең бояуын қалыңдата түседі. Ортаазиялық көне қалалардағы көше бойындағы қыз-қыз қайнаған өмірінің дені осындай күй кешті десек, Шымкенттің ескі көшелері де сондай суретке жақын болды

Көше тарихы – қала тарихы. Қала көшелерінің тарихын таныстыру айдарын бастасақ дейміз. Ал, бұл таныстыруымызды хронологиялық ретпен, ең ескі көшелерден бастағанды жөн санадық.

Көне Шымкент қаласының ЕҢ ЕСКІ КӨШЕСІ қайсы, оның сұлбасы бүгінгі таңға жетті ме деген сұраққа, ол – «Ордабасы» алаңынан басталатын Әйтеке би мен Амангелді көшелері деп таныстырар едік. Бұл көшелердің ортағасырлық қыңыр-қисық ежелгі сұлбасын әлі де бағамдауға болады.

1-сурет. Базарная көшесі, 1917 ж.

2-сурет. Әйтеке би кешесі. 2024 жыл

Жазбаша деректердегі ең ескі мәлімет өзі орыс армиясының генерал-лейтенанты, әрі этнограф ғалым болған А.К. Гейнстің 1866 жылы жазған күнделігінде Шымкент қаласының тыныс-тіршілігі біршама жақсы суреттеледі. Ең ескі және сенімді дерек дейтініміз, бұл күнделік генерал Черняев басып алғалы уақыт ішіндегі бар болғаны 2 жылдан кейін жазылғанымен құнды. Былайша айтқанда, Қоқан хандығы тұсындағы қала суреті әлі өзгере қоймаған кезі ғой. А.К. Гейнстің  жазбасы ішінде қазіргі таңда ашық аспан астындағы музейге айналып тұрған «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің батысы мен солтүстігіндегі Әйтеке би көшесінің орны туралы да айтады.

А.К.Гейнс: «Из цитадели весь Чемкент, лежащий у ея подножия, кажется будто как на ладони. Все здания попрятались в густые сады, так что крыши, покрытыя с перва войлоком, либо камышевыми матами, а потом слоем глины, выглядывают только в ближайшей окружности. Далее же во все стороны простирается мешаный лес, из которого вытягиваются стройные пирамидальные тополи. Базар, лежащий у подножия цитадели, к западу от последней виден весь. Внизу под северным обрывом цитадели идет дорога в Сайрам, по которой постоянно протекает ручей, образующийся из ключей, бьющих у аулие-атинский ворот» деп дерек береді (325-бет). Сол кездегі базар мен Сайрамға қарай шығатын жол – қазіргі Әйтеке би көшесі мен «Ордабасы» алаңы тұрған аймақ. Ал, Әулие ата қақпасы деп отырған жер сол «Ордабасы» алаңының жанындағы «Универмаг» тұрған жерге сәйкес келеді. Ол кезде де, қазір де аталған жолды бойлай Қошқарата өзенінің суы ағып жатыр.

Орыс әскері Шымкентті алғаннан кейін қазіргі «Қырғы базар» мен Қошқарата бастауының арасындағы алқапта «Русская славодка» деп аталатын тұрғын алап қалыптасты. Ал, қазіргі «Ескі қала» деп аталатын алап сол күйі Шымкенттің ежелгі тұрғындарының иелігінде қала берді. Сондықтан болар, Кеңес өкіметі орнап, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерде де қазіргі Әйтеке би көшесі ежелден келе жатқан «Базар» атауының сақталуымен «улица Базарная» деп аталды. Сол Базар көшесі деген атау тәуелсіздік алған жылдарға дейін сақталып келді. Тек, 1993 жылы ғана Куйбышев алаңы – «Ордабасы» алаңы, ал одан бастау алатын Комсомол көшесі – Төле би көшесі, Советская көшесі – Қазыбек би көшесі, Базарная көшесі – Әйтеке би көшесі деп қайта аталды.

Былайша айтқанда, қазіргі Әйтеке би көшесі – Шымкент қаласының ең ескі көшесі деп атауға болады. Шымкент қаласы қашан пайда болды десек, бұл көше де сол кезеңде пайда болды дей аламыз. Өзі өзен бойлай орналасқан, әрі көне Шымкенттің базары болды, оған қоса керуен жолдар жалғасатын «Әулие ата қақпасымен ұласып жатты, ең көне көше деуіміздің себебі осы. Қазір де, Әйтеке би көшесінің бойында құрылыс заттарын сататын сауда қатары, дүкендер, сауда үйлері, «Зияш ана» базары секілді сауда орындары жайғасқан. Бұл көне Шымкенттің қазіргі күнге жаңғырып жетіп отырған бір бейнесін еске салады.

Айтпақшы, көрнекі фотосуреттерде ұсынылған 1917 жылғы фото мен дәл бүгінгі сурет шамамен бір нүктеден түсірілген. Қала мен көше бейнесі қалай өзгергенін өзіңіз бағамдап көріңіз.

 

 

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі