90 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 90 отбасы бүгін пәтер алып, жаңа қонысқа жайғасты. «Тұран» және «Нұрсат» шағын аудандарында орналасқан пәтерлердің 37-і көпбалалы отбасыларға, 36-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелерінесондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 17-і балаға берілді.
Жаңа үйге кіре сап, дастарханын жайып жіберген Гүлчехра Кәлібаеваның қуанышында шек жоқ. Әсіресе, перзенттері мәз. Өйткені көп балалы отбасы баспана кезегін ұазақ жыл күтті. Сәулетті әрі кең пәтер енді 7 балалы жанұяның қонақжай әрі ырысты мекені болмақ.
Жаңа қоныстың иелерін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов арнайы барып құттықтады. Қуаныш иелеріне пәтер кілтін берді.
«Тұран» шағын ауданынан бой түзеген көпқабатты тұрғын үйлерде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Пәтерлер оларға сатып алу құқығынсыз жалға беріліп отыр. Көпбалалы отбасылар үшін мегаполисте бүгінде 20 тұрғын үйдің құрылыс жүруде. Жалпы биыл 1 мың 605 отбасыны әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, осы жылдың сәуір – мамыр айларында түрлі санаттағы 83 отбасыға пәтер табысталған болатын. Бұдан бөлек, «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1 мың 524 азаматты несиелік тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде үлестіріледі.
Халық саны күн санап артып келе жатқан шымкентте бүгінгі таңда 134 мың адам тұрғын үй кезегіне жазылған. Олардың мұқтаждықтарын жылдам шешу үшін шаһарда негізінен көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Қазір қалада жаңа тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.