БАС ЖОСПАР ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНА ҰСЫНЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының бас жоспары әзірленді. Заман талабына сай векторлы форматта жасалған сызбалар шаһар жұртшылығына таныстырылып, алғашқы  қоғамдық тыңдау өтті.

Жаңа бас жоспарды әзірлеуге  архитекторлар бір жылдан астам уақыт еңбектенді. Олар шаһардың 117 мың гектар аумағына  топографиялық түсірілім жасады. Бұл деректер  1:10 000 масштабпен картаға енгізілді. Даму жоспарында сәулетшілер ең алдымен мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартуға жете мән берген. Әсіресе демалыс орындарының, саябақтар мен гүлзарларға көп орын қарастырылып отыр. Сондай-ақ мұнай өңдеу зауыты, цемент зауыты секілді ірі өндіріс орындарын шаһардың шеткі аймақтарына   көшіре алмайтындықтан олардан қоршаған ортаны ластамауға байланысты озық технологиялар пайдалану талап етіледі. Бас жоспардағы келесі басым бағыттың бірі-жол мәселесі. Көлік нөпірін азайту, жол қозғалысының емін-еркін болуын қамтамасыз ету үшін  жолдарды кеңейту, оларды бірнеше деңгейлі етіп салу жоспарланды.

Шымкентте алғаш рет шеңберлі жолдар салынатын болады. Бас жоспараға сай  шаһар аумағында орталық, ортаншы және сыртқы деп аталатын үш шеңбер жол белгіленіп отыр. Сонан кейін солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай кесіп өтетін жолдар арқылы жеңіл рельсті  трамвайлар қолданылатын болады,-дейді қаланың бас сәулетшісі Ержан Оразханов.

         Бас жоспарды әзірлеу барысында  Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті архитекторлар шақыртылды, олардың да ұсыныстары ескерілді. Қала аумағын игеру барысында: қаланың шекаралары, аумақтық даму схемалары нақтыланды. Тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасы назарға алынды.  Оның ішінде археологиялық зерттеулер мен қалпына келтіру жұмыстарының қорғалатын аймақтары анықталып, жоспарға енгізіліп отыр.

Шаһар  аумағы айналдырған оншақты жылдың ішінде 3 есеге ұлғайған. Қоғамдық тыңдау барысында көпшілік қала территориясын ұлғайта бергеннен гөрі ескі үйлердің орнына жаңасын салуды ұсынды.

 Тұрғындар мен мамандардың мұндай ұсыныс талаптары ескеріліп,  олардың маңыздысы жоспарға енгізілмек.  Әрбір тұрғынның бас жоспармен бір айдың ішінде танысып,  егжей-тегжейлі зерделеп  шығуына мүмкіндігі бар. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар жыл соңына қарай үкімет қаулысымен бекітілетін болады.