«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» АРҚЫЛЫ БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

 Шымкент қаласында 449 отбасы «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы арқылы таяу күндері  баспаналы болады. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.  Бұл санаттағы сазаматтардың 195 көпбалалы отбасы, 35-і мүгедек бала асыраушы отбасылар,  219-ы толық емес отбасылар. Өтінім қабылдау 20 маусым мен 19 шілде аралығында жүзеге асады.

«Отбасы банкі» арқылы тұрмысы төмен отбасыларға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын, бастапқы жарна 10 пайыздан кем емес мөлшерде 20 жылға баспана сатып алуға  несие беру қарастырылған. Бағдарламаға кезекке тіркелген көп балалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса аладаы. Кез келген үйді сатып алуға болады. Бірақ банк беретін қарыздың соммасы 15 млн теңгеден аспайды.

Сондай-ақ, мұқтаж отбасыларға тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау жұмыстарына өтінім қабылдау жүруде. Аталмыш бағдарламаға кезекте тұрған 1-2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған, және қамқоршысыз қалған азаматтар қатыса алады. Баспананың жалдау ақысының 50пайызын мемлекет төлеп береді. Қаржылай қолдаудың максималды  мөлшері 85 мың 678 теңге.

Айта кету керек, өткен жылы конкурсқа қатысып, тізімге ілінбеген азаматтар биыл жаңадан өтінім тастауы қажет. Салаға жауаптылардың айтуынша қала тұрғындарының көбі жеңілдетілген бағдарламалар жайлы хабарсыз. Ең бастысы өтінім беріп кезекке тұру керек. Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz  сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің банктік ағымдағы шоты болуы тиіс. Азаматтар тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша қосымша ақпаратты  Шымкент қаласы Бейбітшілік көшесі №3 мекен жайында  орналасқан «Amanat» партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуына болады. Оператор болып «Отбасы Банкі» анықталды.