ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҚСАРТЫЛУДА

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы әкімдігі  соңғы жылдары  қала құрамына кейіннен енген ауылдар мен елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жақсартуға баса назар аударып келеді.

Биыл осындай 8 аймаққа ауыз су жүйесі тартылуда.  Өйткені қаладағы 3 елді мекен ауыз суды кестемен ішеді. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі биыл  98 пайыздан 99 пайызға артады. Межеленген жоспар бойынша 2023 жылы мегаполисте  ауыз су мәселесі толығымен шешіліп, тұрғындар тұтастай таза ауыз су тұтынатын болады.

Шымкент қаласында бүгінгі таңда  81 тұрғын алап пен шағын аудан бар. Оның ішіндегі 62 аймаққа  шайынды су және кәріз  құбыры жүргізілген.  Биылғы жылы қазынадан  7,3 миллиард теңге бөлініп,  19 аймақта кәріз желісін тарту жұмысы  жүргізілуде. Бұл құрылыстар аяқталғаннан соң  кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші  54 пайыздан 60 пайызға жетеді. Шаһардың даму жоспары бойынша 2025 жылы қала аумағын кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға көбейеді. Бұл саладағы қиындықтың бірі қазір қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты аздық  етуде. Сондықтан оның қауқарын арттыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынған.

Мегаполистегі тағы бір өзекті мәселелердің бірі электр сапасының нашарлығы. Бірқатар аймақтарда желілер ескірген, трансформаторлар тозған. Шаһар аумағында осында  8 елді мекен бар.  Электр желілерін ауыстыру, жаңа әрі қуатты трансформаторлар  орнату үшін биыл  16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң сапалы электр қуатын тұтынатын тұрғындардың саны  97 пайыздан 99 пайызға артады. Халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешімін табады.

Сондай-ақ Шымкентте табиғи газ құбыры тартылмаған немесе көгілдір отынның қуаты әлсіздігінен өркениет игілігіне қол жеткізе алмай отырған  аймақтар да бар. Бүгінгі таңда 31 елді мекенде  газ қысымы төмен,  8 елді мекенде табиғи газ мүлдем жоқ. Бұл қиындықтарды шешу мақсатында  биылғы  жылы  қазынадан  6 миллард теңге қаржы бөлінді. Бұл ақшаға  18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қала халқын табиғи газбен  қамту деңгейі биыл 93%-дан 94,7%-ға артады. Ал 2025 жылы қала аумағы тұтастай көгілдір отын тұтынатын болады.

Көшелерді жарықтандыру ісінде де ауыз толтырып айтатын жетістіктер бар. Бүгінгі таңға дейін 324 көше  жарықтандырылды. Биыл  мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында тағы 102 көшеге жарық шамдары орнатылуда.