САЙЛАУ КҮНІ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТЕГІН ТАСЫМАЛДАЙДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында 20 қараша – Президент сайлауы күні қоғамдық көліктерде жол жүру тегін болады. Бұл күні шаһар аумағына қатынайтын автобустар қалыпты режимде жұмыс істейді. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен 10  көлік компаниясы айналысады.  Олар қала іші және қала маңына қатынайтын 78 бағытқа 873 автобусты жолға шығарады.

Шымкентте Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу үшін 311 дауыс беру учаскесі дайындық жасап жатыр. Бұл жолы сайлаушылар саны 634 мыңнан асты. Бұған дейінгі өткізілген науқаннан 3600 адамға көп. Дауыс берушілерді ақпараттандыру үшін түрлі мессенджерлер мен телеграмм боттары өз жұмыстарын бастады. Сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап беру үшін колл-орталықтары іске қосылды. Ал мүмкіндектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету үшін 293 учаске түрлі құрылғылармен жабдықталған. Оларды теген тасымалдау жұмыстары жергілікті атқарушы билікке жүктелген.

Биылғы жылдың 20 қарашасында өтетін кезектен тыс ҚР Президенті сайлауы барысын 641 халықаралық байқаушы қадағалайды. Осыдан үш күн бұрын олардың нақты тізімі бекітіліп, аккредиттеу аяқталды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында:

– Бүгін сағат 18.00-де біз халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын 20 қарашада өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына аккредиттеуді аяқтадық. Осылайша, президент сайлауына 641 халықаралық байқаушы қатысады. Оның ішінде 10 халықаралық ұйымнан 532 бақылаушы және 35 шет мемлекеттен 109 бақылаушы, – деді

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының  айтуынша, халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне ықпал етпек.

«Сол арқылы біз халықаралық міндеттемелерге бейілділігіміз бен халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыратындығымызды растай түсеміз», – дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясы президент болудан үміткерлер арасынан осы сайлауға кандидат етіп ресми тіркегендер тізімінде алты адам бар. Қазіргі ел президенті Қасым-жомарт Тоқаевтан басқа екі кандидат зейнет жасынан асқан, тағы біреуінің жасы 2024 жылы толмақ. Тізімдегі екі кандидат әйел президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.