ФАН КЛУБТАРДЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ  МАРАПАТТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

         Шымкентте қала күні мерекесіне орай «Шымкент жастар лигасының» фан клубтар арасында өткен финалдық кезеңінің жеңімпаздары белгілі болды. Марапаттау рәсіміне  қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мағжан Исахов қатысты.

Шымкент қаласында «Жастар лигасының» ойындары осымен  екінші рет ұйымдастырылды. Оған шаһардағы   жалпы білім беретін орта мектептердің оқушыларынан жасақталған  151 фан клуб қатысты.  Жастар лигасы аясында өткен ойындарда 2 мың 265 оқушы өз тобына қолдау көрсетті.   Солардың ішінде озық шыққан 16 команда финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Сайыс қорытындысы бойынша 5 топ жүлдегер атанды.   Атап айтқанда 3 орынды №9 IT мектеп лицейі мен №99 мектеп гимназиясы өзара бөліскен болса, 2-орын №23 мектеп лицейіне бұйырды. 1-орынға  №65 мектеп гимназиясының командасы лайық деп танылды.  Ал, бас жүлдеге  бәрінен үздік шыққан  №84 жалпы орта мектеп командасы ие болды.

№84 жалпы орта мектеп оқушыларынан құрылған фан клуб құрамында 15 қыз бар. Олар бұл додаға 1 ай дайылдалған. Былтыр өткен осы спорт сайыстарында олар  3-ші орынды иеленсе биыл жоғары дайындық арқасында бас жүлдені жеңіп алып отыр. Фан клуб құрамының мүшесі Ұлжалғас Әбдіраш  команданың басты мақсаты алдынғы қателіктерді қайталамай тағы да осындай жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көріну,- дейді.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаз командалар Шымкент қаласы әкімінің арнайы дипломдарымен марапатталды және жастар ресурстық орталығының демеушілігімен үздік болып табылған фан клуб командаларына 15 смарт телефон және 15 велосипед сыйға берілді.

Жалпы лига ойындары жас өрендерді жеңіске ұмтылдырып, табандылыққа баулыды. Ерік-жігерін шыңдай түсті. Үш айға созылған бәсекеде шәкірттер  спорттың төрт түрі бойынша  сайысып, алтын ұя мектебінің намысын қорғады. Оған 6 мыңға жуық оқушы қатысты.