ШАҺАРДЫҢ БАС ЖОСПАРЫ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНА ҰСЫНЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының алдағы 5 жылдағы  дамуының бас жоспары бекітілді. Енді шаһардың әрбір тұрғынының онымен бір айдың ішінде танысып,  егжей-тегжейлі зерделеп  шығуына мүмкіндігі бар. Және өздерінің ұсыныс пікрлерін ортаға сала алады. Жобаны таныстыру мақсатында өткен жиналыста қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов:

– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. 2015-2018 жылдар аралығында  бұл құжатқа өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, бекітілді.  Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топографиялық түсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшелігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз,-деді.

Шымкент қаласының жаңа бас жоспарын  «Градкомплекс»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасады.  Мол тәжірибеге ие мердігер компания бұған дейін еліміздегі көптеген қалалардың жоспарын түзіп,  сызбасын жасаған. Компания бас жоспарды әзірлеу барысында  Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар шақыртып, олардың да ұсыныстарын ескерді. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша бас жоспарды әзірлеуге сондай-ақ елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салуды белгiленген тәртiппен бекiткен   жоспарлар негіз болған.

Бүгінгі таңда бас жоспардың алғашқы кезеңі әзірленіп бітті.  Енді ол бір ай бойына қоғамдық талқылаудан өтеді. Сонан соң тұрғындар мен мамандардың ұсыныс талаптары ескеріліп,  олардың маңыздысы жоспарға енгізілмек.  Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін,  үкіметінің қаулысымен бекітілетін болады.